Жетісу облысында қоңыр аю Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы қонақ үй үйшігіне кірмек болған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан тауда орналасқан қонақ үйлердің біріне келген жыртқыштың ізі анық көрінеді. Аю ішке кіруге тырысып, темір есікті жұқа қаңылтырдай майыстырып кеткен. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Ұлттық парк әкімшілігінің мәліметінше, жағдай Аттапқан шатқалында болған. Мамандардың алдын ала дерегіне қарағанда, аю аталған аумаққа тағам иісіне елітіп келген болуы мүмкін.
«Тянь-Шань қоңыр аюы адамға сирек шабуыл жасайтын жануарлар қатарына жатады. Алдын ала мәлімет бойынша, аю көрсетілген аумаққа тағам иісіне байланысты келген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ», делінген ұлттық парк хабарламасында.
Парк өкілдері таулы аймаққа баратын тұрғындар мен туристерге қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды ескертті. Әсіресе тамақ қалдығын ашық қалдырмау, қоқысты белгіленген орынға тастау және жабайы жануарларды тамақтандырмау маңызды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай көбіне адам қалдырған тағам иісінен туындайды. Жабайы жануар бір рет тамақ тапқан жерге қайта келуі мүмкін. Сондықтан ұлттық парк аумағында демалатын адамдар табиғат аясындағы тәртіпке жауапкершілікпен қарауы керек.
Жоңғар-Алатау өңірі жабайы табиғатқа бай аймақ саналады. Мұнда демалыс пен туризм дамыған сайын адам мен жануар арасындағы арақашықтықты сақтау мәселесі де маңызды бола түседі. Аюдың қонақ үйге жақындауы – таудағы қауіпсіздік ережесін елемеуге болмайтынын тағы бір мәрте көрсеткен жағдай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







