Қазақстанда қой еті соңғы жылдары айтарлықтай қымбаттады. Сарапшылардың мәліметінше, Кеңес Одағы кезеңінде Қазақстанда 34,6 млн қой мен ешкі болса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 23,17 млн басқа дейін азайған. Мал басының кемуі ішкі нарықтағы ұсынысқа тікелей әсер етіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Экономист Ерлан Каримовтың айтуынша, қой еті бүгінде жай ғана азық-түлік емес, инфляцияның, ауыл шаруашылығының және ауылдағы өндіріс шығынының нақты көрсеткішіне айналды. 2025 жылы қой етінің бағасы 29 пайызға өскен. Ал соңғы 25 жылда ет бағасы 14 еседен астам қымбаттады.
Қазір бір тонна қой еті шамамен 1,3 млн теңге тұрады. Тірі қойдың орташа бағасы 86 мың теңгеден асып отыр. Бағаның өсуіне жем-шөптің қымбаттауы, логистика шығыны, мал өсірудің ұзақ әрі шығынды процесс болуы, ішкі нарықтағы делдалдар және маусымдық сұраныс әсер етуде.
Бұған қоса, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерге ет экспорттауы да ішкі нарықтағы бағаға ықпал етеді. Кей жағдайда экспорттық баға ішкі нарықтағы бағадан төмен болуы мүмкін. Себебі мұндай келісімшарттар ірі көлемде және ұзақ мерзімге жасалады.
Сарапшылар қой еті бағасын тұрақтандыру үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізу қажет екенін айтады. Атап айтқанда, экспортты реттеу, фермерлерге нақты қолдау көрсету, жем-шөпке субсидия бөлу, логистика шығынын азайту және нарықты цифрлық бақылау тетіктерін күшейту ұсынылып отыр.
Қазақ үшін қой шаруашылығы тек ет өндірісі емес, ауыл тұрмысының, дәстүрлі шаруашылықтың және азық-түлік қауіпсіздігінің бір тірегі. Сондықтан қой еті бағасының өсуі қаладағы тұтынушыға ғана емес, ауылдағы малшының жағдайына, жем-шөп нарығына және жалпы аграрлық саясаттың тиімділігіне қатысты мәселе болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







