Соңғы күндері Еділ Жаңбыршинның атына қатысты саяси жорамал көбейді. Бірі оны облыс әкіміне лайық көрсе, енді бірі келесі кадрлық ротациямен байланыстырады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алайда Жаңбыршыин әкімдік креслоға ұмтылып жүрген саясаткер емес. Егер негізгі мақсаты өңір басқару болса, оған мұндай мүмкіндік әлдеқашан туар еді. Білімі, тәжірибесі және саяси салмағы мұндай қызметке толық жетеді.
Оның еңбек жолы бір ғана әкімшілік траекториямен шектеуге болмайды. Еділ Жаңбыршин ғылымда, энергетика саласында, жергілікті атқарушы билікте және Парламентте шыңдалды. Ақтау қаласын басқаруы оған өңірлік менеджменттің ауыр жүгін де, аппараттық шешімнің жауапкершілігін де танытты.
Мәжілістегі қызметінде ол экология, мұнай-газ, су қауіпсіздігі және табиғи ресурстар мәселесін жүйелі көтерді. Жаңбыршинның саяси капиталы мінбердегі дауыспен ғана емес, салалық білімі мен нақты проблеманы ұлттық күн тәртібіне шығара білуімен қалыптасты. Оның инженерлік ойлау жүйесі мен саяси тәжірибесі сирек тоғысатын құзырет саналады.
Жаңбыршинның басты артықшылығы өзі дұрыс деп санаған пікірді ашық айта алады. Кейде осы тік мінезі қоғамдық пікірді екіге бөліп, саяси полемиканың ортасына шығаратына талай куә болдық. Бірақ мінезі бар саясаткердің беделі де қолдаумен ғана емес, қарсы пікірдің салмағымен өлшенеді.
Әкімдік жол, су, жарық, мектеп және коммуналдық жүйені күн сайын басқаруды талап ететін операциялық қызмет. Жаңбыршин мұндай мектептен өтіп қойған, сондықтан оның әлеуетін тек облыс әкімінің кабинетіне байлау тар өлшем болар еді. Алдағы уақытта Ақорда оның тәжірибесін министрлік деңгейіндегі стратегиялық саясатта, әсіресе энергетика, экология және өңірлік даму бағытында кеңірек пайдаланылуы керек деп білеміз.
Партиялық тізімнен тыс қалуы оның саяси субъектілігін әлсіретпейді. Керісінше, фракциялық тәртіптен босаған саясаткер қоғаммен еркінірек сөйлеп, өз күн тәртібін айқындай алады. Бірақ институционалдық ресурстан алыстау бастаманы нақты шешімге айналдыруды күрделендіретіні анық.
Әзірше оның сайлаудан кейін қандай қызметке баратыны белгісіз. Ал «әкім болады» екен деген әңгіме қоғамдық болжам күйіндегі долбар. Кадрлық саясат қауесетпен емес, мемлекеттік шешіммен өлшенеді.
Еділ Жаңбыршин қызметсіз қалсада жоғалып кететін аппараттық тұлға емес. Оның салмағын отырған креслосы емес, көтерген мәселесінің елдік маңызы айқындайтынын естен шығармаған абзал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







