Қазақстандағы «Лукойл» активтерінің тағдыры келесі жылдың басында белгілі болады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Энергі министрі Ерлан Ақкенженов санкцияға түскен «Лукойлдың» қазақстандық активтерін сатып алуға қатысты жағдайды түсіндірді.
«Бұған дейін АҚШ Қаржы мин-і белгілеген мерзім 13 желтоқсан еді. Қазір бұл мерзім 2026 жылдың қаңтар айының ортасына дейін ұзартылды. Үкімет активтерді сатып алу бойынша ешқандай келіссөз жүргізіп отырған жоқ. Бірақ халықаралық нарықта көптеген компания қызығушылық білдіріп жатыр. Қазақстанның жер қойнауы туралы кодексіне сәйкес басымдық құқығы бар. Болашақта құқықты пайдалану немесе пайдаланбау жөнінде шешім қабылдаймыз», – деді министр.
Ақкенженов Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) ахуалға да тоқталды
«Жақында теңіз терминалындағы қалқымалы айлақ құрылғысы (ВПУ-2) шабуылға ұшырап, көлемі 2,5×3 метрлік тесік пайда болды. Қазір сүңгуірлер құрылғының тұрақтылығын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Бұдан кейін ішкі жабдықтардың қаншалықты зардап шеккенін бағалау қажет. Егер жөндеуді сәтті аяқтасақ, ВПУ-2 қайта іске қосылады. Сонымен бірге, Біріккен Араб Әмірліктерінде жасалған екі жаңа қалқымалы құрылғыны жеткізу жұмысын жеделдетіп жатырмыз. Бастапқыда сәуір айында әкелінеді деп жоспарланған жабдықтарды енді қаңтарда жеткізуді көздеп отырмыз», – деді ол.
Министрдің айтуынша, бұл өте күрделі технологиялық жабдықтар болғандықтан, оларды дәл орнатылатын орны Новороссийск портына дейін жеткізу маңызды.
«Түнеукүнгі шабуылдан кейін азаматтық инфрақұрылымға, әсіресе ел үшін маңызды стратегиялық нысандарға жасалған шабуылдарды айыптайтын мәлімдеме жасадық.
Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ға жуығы осы КТК құбыры арқылы тасымалданатыны белгілі. Бұл халықаралық заңнама негізінде құрылған жоба, оның акционерлері арасында Еуропа, АҚШ және Қазақстан компаниялары бар. Ресейдің үлесі шағын ғана.
Сондықтан Қазақстан Сыртқы істерінің мәлімдемесінде айтылғандай, мұндай азаматтық әрі маңызды инфрақұрылымға шабуылдау мүлдем қабылдауға келмейді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Қып-қызыл шығынға батқан секілдіміз
Министр сондай-ақ шабуыл салдарынан келтірілген шығынның әлі есептеліп жатқанын атап өтті.
«Бұл туралы толық ақпаратты Сыртқы істер министрлігі береді. Энергетика министрлігі ретінде біз саяси мәлімдеме жасамаймыз», – деп түйіндеді сөзін Ақкенженов.
Қазір «Лукойлдың» Қазақстандағы активтерінің қатарында: «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» (13,5%), «Теңізшевройл» (5%), Каспий құбыр консорциумы (12,5%), «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасы (50%) және «Әл-Фараби Operating» (49,99%) бар. «ҚазМұнайГаздың» үлесі сәйкесінше: КПО – 10%, ТШО – 20%, КТК – 19%, «Қаламқас-теңіз – Хазар» – 50%, «Әл-Фараби Operating» – 50,01%-ды құрайды.
Қараша айының соңында украиндық теңіз дрондарының шабуылынан КТК-дағы ВПУ-2 қатты зақымданып, консорциум мұны лаңкестік әрекет деп атаған болатын. Қазір мұнай тек бір айлақ арқылы тасымалдануда, себебі ВПУ-3 жоспарлы жөндеуде тұр.
Бұған дейін Ertenmedia.kz Әміриканың мұнай алпауыттары санкцияға түскен ресейлік «Лукойлдың» шетелдік активтеріне құда түскелі жатқанын хабарлаған еді.
Қазақстандағы үлеске көз тіккен Chevron мен Exxon: «Лукойлдың» тағдыры шешілетін сәт

