Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, мәдениет және өнер саласының өкілдері қатысты. Сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева мәдениеттің қоғамның рухани дамуы мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы орны ерекше екенін атап өтті.
Бүгінде Қазақстанның мәдениет және өнер саласында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді. Кейінгі үш жылда 592 мәдениет қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының атынан мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне 331 пәтер сертификаты табысталды.
Аида Балаева сала өкілдерінің атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа отандық мәдениетті дамытуға көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы мен ерекше назары үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының мәдениет саласына айрықша көңіл бөлуі өнер адамдары үшін үлкен қолдау.
Жиында Президенттің Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе беру туралы бастамасы ерекше атап өтілді. Аида Балаева мұны аталған ұжымдардың өнер мен мәдениет жолындағы көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға деп бағалады.
Сондай-ақ мәдениет саласында кәсіби еңбекті мойындау жүйесі кезең-кезеңімен дамып келе жатқаны айтылды. «Халық әртісі» құрметті атағы қайта бекітіліп, «Асыл мұра» жаңа сыйлығы енгізілді. Мемлекеттік стипендия көлемі ұлғайды. Бұдан бөлек, көп жылдан бері алғаш рет музыкалық білім беру ұйымдары мен мемлекеттік концерттік ұйымдарға музыкалық аспап сатып алуға қаражат бөлінді.
Салтанатты жиында мәдениет және өнер саласының 32 өкілі марапатқа ие болды. Президент Жарлығымен 17 адам мемлекеттік награда алды. ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені театр және кино актрисасы, театр педагогі, профессор Жұмагүл Мейрамоваға табысталды. «Парасат» орденімен әнші, композитор, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдуллаұлы марапатталды.
Сонымен қатар театр, музыка, музей, ғылым, реставрация және концерт салаларының өкілдеріне де құрмет көрсетілді. Тағы 15 қызметкер ведомстволық награда алды. Олардың қатарында өңірлік мәдениет үйлері, музейлер, театрлар, филармониялар, шығармашылық оқу орындары мен концерттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Мәдениет саласы – елдің рухани жадын сақтайтын, ұлттық болмысты ұрпаққа жеткізетін маңызды кеңістік. Сондықтан бұл саладағы әрбір маманның еңбегі сахнадағы көрініспен ғана емес, қоғамның ішкі мәдениетін қалыптастырудағы жауапкершілікпен өлшенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!









