Қазақстанда вице-президентті тағайындау мәселесі жаңа Құрылтай жасақталғаннан кейін шешіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл кадрлық шешім жаңа саяси құрылымның қалыптасуымен тікелей байланысты. Оның сөзінше, қазіргі өтпелі кезең аяқталған соң, жаңа Парламент – Құрылтай жұмысын бастауы керек. Осыдан кейін Мемлекет басшысы тиісті шешім қабылдайды. Әшімбаев жаңа құрам 1 қыркүйекке дейін жасақталуы тиіс екенін айтқан.
Жаңа Конституцияға сәйкес, вице-президент лауазымына кандидатураны Қазақстан Президенті ұсынады. Бірақ тағайындау біржақты жасалмайды. Ол үшін Құрылтайдың келісімі қажет. Негізгі заңда вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайтыны және бұл үшін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысы керек екені көрсетілген.
Қызметтен босату құқығы да Мемлекет басшысының құзыретінде қалады. Яғни вице-президент институты енгізілгенімен, шешуші саяси жауапкершілік бәрібір Президент институтының өзінде сақталады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде де арнайы айтып, вице-президент лауазымы билік иерархиясын нақтылап, мемлекеттік басқаруды тұрақтандыруға бағытталғанын мәлімдеген.
Осылайша, Қазақстандағы жаңа вице-президентті тағайындау мәселесі қазір саяси ниет деңгейінде емес, конституциялық рәсім аясында қаралып отыр. Ал түпкі шешім жаңа Құрылтай жасақталып, оның жұмысы басталғаннан кейін қабылданады.
Айтқандай, Вашингтонда Қазақстан үшін салмағы бөлек екі келіссөз желісі қатар жүргенін тілшілеріміз жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







