Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды жеке қабылдап, су, газ, жол, жер телімі және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелерді тыңдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қабылдау барысында тұрғындар су құбырын тарту, газбен қамту, жер телімін рәсімдеу, автомобиль жолын жөндеу және балабақшаны ваучерлік қаржыландыру мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Жауапты сала мамандары әр мәселенің мән-жайын түсіндіріп, шешу жолдарын ұсынды.
Қонаев қаласының тұрғыны 2023 жылы жер телімін сатып алғанын, алайда рұқсат құжаттарын толық рәсімдемей тұрып үй салып қойғанын айтты. Қаланың бас жоспарына сәйкес келмегендіктен, тұрғыннан жер телімін қайтару талап етілген.
Марат Сұлтанғазиев жер әлі игерілмеген жағдайда басқа аумақтан жер телімі берілуі мүмкін екенін жеткізді. Ал үй салынып қойған болса, оны бұзбай қалдыру мүмкіндігі қарастырылатынын айтты. Дегенмен облыс әкімі құжаттарды толық рәсімдемей құрылыс жүргізу заңға қайшы екенін ескертті.
Жамбыл ауданынан келген азамат «Ұзынағаш – Күрті» автомобиль жолының тозуы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға және күнделікті қатынасқа қиындық келтіріп отырғанын айтты.
Аудан әкімдігі биыл аталған жолдың 47-64 және 64-71 шақырым аралығындағы учаскелеріне орташа жөндеу жүргізу үшін құжаттама әзірленгенін хабарлады. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қаражат бөлінген соң мердігер анықталып, жөндеу жұмысы басталады.
Талғар ауданы Көктал ауылы «Ай-Абылай» ықшам ауданының тұрғыны ауызсу мен жол мәселесін көтерді. Жауапты мамандардың айтуынша, былтыр шағын ауданға газ жүйесі тартылған. Биыл ауызсу желісін жүргізуге бюджеттен қаражат бөлінген, сондықтан су мәселесі осы жылы шешілуі тиіс.
Ал жол салу жұмысы келесі жылға жоспарланып отыр. Қазір Талғар ауданында сараптаманың оң қорытындысын алған 250 шақырымға жуық жол бар. Тұрғындар айтқан Мәметова көшесіндегі 1200 метр жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға жіберілген.
Марат Сұлтанғазиев жол төселгенге дейін оқу жылы басталған кезде оқушылардың мектепке барып-келуіне ыңғайлы жағдай жасау қажеттігін айтты. Сонымен бірге ауызсу қысымы тұрғындарға жеткілікті деңгейде берілуі тиіс екенін жауапты мамандарға ескертті.
Облыс әкімінің жеке қабылдауында көтерілген мәселелердің әрқайсысы бақылауға алынды. Мұндай кездесулер тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін түйткілдерді жергілікті жерде нақты талқылауға және шешім қабылдауды жеделдетуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







