Құрылтайдан сырт қалған тағы бір танымал есім — Еділ Жаңбыршин. Жүйенің өз ішіндегі «ревизияға» ілігіп кеткен Жаңбыршин қазақтілді қауымның үдесінен шыға білген депутат-тұғын. Соңғы айда Аружан Сайынмен салғыласып, елге қажет заңды қабылдауға мұрындық болған Едекең тек Маңғыстау емес, бүкіл Батыс өңірінің «амбассадорына» айналып үлгерген еді деп жазады Ertenmedia.kz.
Батыс өңірдің психологиясын дөп басып танитын саясаткер ретінде Жаңбыршин Жаңаөзен мен Маңғыстаудағы кез келген ереуіл мен наразылықты «сыртқы күштердің арандатуы» деп сипаттайтын ресми риторикаға да қарсы шықты. Мәселенің әлеуметтік-экономикалы сипатын, биліктің халықпен диалог құра алмай отарғанын Мәжіліс төрінен ашық айтуы желідегі жұртқа жаққан-тын.
Батыс өңіріне сіңіп алған қытайлық инвесторларды да қара терге түсірген сәтін ұмыта қойған жоқпыз.
Елдегі жылу электр стансылары мен энергі инфрақұрылымның тозуына қатысты өткір сауалдары Үкіметтің бүйіріне қанжардай қадалған. Ол, ол ма Риддер, Екібастұздағы апатты мемдеңгейдегі қылмыс деп санап, стратегиялы нысандарды меншіктеп, халық есебінен байыған нақты олигархтардың атын атап, түсін түстеп берген.
Біздіңше, Құрылтай құрамының тізімін жасаушы ат төбеліндей топ «бұдан былай Парламент ішінде тек келісілген дебат жасайық» келіскен тәрізді. Мұндайда Жаңбыршин мен Базарбек сынды процесті кулуардан шығарып, тікелей ел талқысына салатын харизматтар өзінің ескі, консервативті қалыбына қайта оралып жатқан жүйеге сәйкеспейтіні түсінікті.
Қарапайым бұқара алдындағы сөзі шенділердің уәдесінен салмақтырақ естіле бастаған Едекеңе бюрократиялық аппарат іштей кек сақтауы да ғажап емес. Әкім-қаралар мен министрлер өзін Парламент алдында әлсіз, дәрменсіз сезінгенді ұнатпайды. Әлгілерді тікелей эфирде тықсырып, кәсіби деңгейіне күмән келтіретін Жаңбыршинді Құрылтайға жолатқысы келмегендердің шоғыры көп болуы мүмкін.
Соңғы жылдары әдепкі депутат емес, халық комиссарына айналып кеткен Жаңбыршиндердің Құрылтайдан аласталуы әзіргі саяси архитектураның «мазасыз элементтерден» арылу процесіне ұқсайды.
Мұнай-газ секторы мен энергі алпауыттардың көп жыл бойы көзден таса ұстап келген келісімдерінің пердесін түріп, нақты схемаларды ашық айтқан экс-депутат ұжымдық лоббидің қарсылығына да ұрынып қалғандай әсер қалдырады.
Едекеңнің, Базарбектің өткірлігі басқа депутаттардың фон болып, көлеңкеде қалып қоюына әкелгенін де мойындау керек. Құрылтайға іріктелген тұлғаларға қарап-ақ үлкен үйдегі қауымның саяси сахнаны тегістеп тастаған аңғарасыз. Солай. Енді ешкім орта деңгейден суырылып, жарқырап алға шықпайды. Құрылтайды «нотариаттық кеңсеге» айналдырғысы келгендер мақсатына жеткендей.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







