Алматы қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі десек болады. Шаһарда 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында профилактика, мектеп қауіпсіздігі, интернет кеңістігіндегі қорғаныс және жасөспірімдермен тікелей жұмыс күшейтілуде. Осы ретте Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов сұхбаттасып, қалада баланы қорғау бағытында атқаралып жатқан жұмыстарды Ertenmedia.kz сайтына әңгімелеп беруін сұрадық.
– Айдын Сапарбекұлы, Алматыда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр? Сұхбатымызды осыдан бастасақ.
– Алматы сияқты ірі қалада баланың қауіпсіздігі күн тәртібінен түспейді. Қазір қалада 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырылып жатыр.
Аталған құжат аясында балаларды қорғауға, қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыруға, интернет кеңістігіндегі тәуекелді азайтуға және өскелең ұрпақ үшін қолайлы орта құруға бағытталған 150-ден астам іс-шара қарастырылған. Әр бала үйде де, мектепте де, көшеде де, цифрлық ортада да өзін қауіпсіз сезінуі керек. Полиция осы жауапкершілікті нақты жұмыспен дәлелдеуге міндетті.
Қазіргі жасөспірімнің өмір сүру ортасы бұрынғыдан қарағанда әлдеқайда күрделі. Бала тек мектеп пен аула шеңберінде қалып қоймайды.
Оның өмірінде әлеуметтік желі, мессенджер, онлайн ойын, түрлі интернет қауымдастық бар. Осындай кеңістікте қауіп те көбейеді. Сондықтан баланы қорғау деген ұғымды бұрынғы тар түсінікпен қарауға болмайды. Қауіп көшеде ғана емес, телефон экранында да толып тұр. Сол себепті біздің жұмысымыз профилактикаға, қауіпті ерте анықтауға және балаға қауіп төндіретін жағдайдың алдын алуға бағытталған.
– Қалада профилактикалық жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Ең алдымен, мектеппен және ата-анамен байланыс күшейтілді. Полиция қызметкерлері оқушылармен тұрақты кездесіп, құқықтық сауат, жеке қауіпсіздік, буллинг, интернеттегі қатер, қоғамдық тәртіп туралы түсіндіру жұмысын жүргізеді. Ата-аналармен де бөлек кездесу өткізіп жүрміз.
Себебі жасөспірімнің мінезіндегі өзгерісті ең алдымен отбасы байқайды. Полицияның міндеті жазалау емес, ерте ескерту. Егер баланың мінез-құлқында тәуекел белгісі байқалса, мектеп, ата-ана және тиісті мамандар бірлесіп жұмыс істеуі қажет.
– Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда қандай тәсіл тиімді?
– Тиімді тәсілдің бірі баланы бос қалдырмау. Жасөспірім спортқа, шығармашылыққа, қоғамдық іске тартылса, оның көшедегі кездейсоқ ортаға тәуелділігі азаяды. Қазір Алматыда жастарды пайдалы ортаға бейімдеуге арналған түрлі бағдарлама жүзеге асып жатыр.
Полиция мұндай бастамаларды қолдайды. Себебі құқық бұзушылықтың түп-тамырында көбіне бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы, бақылаудың әлсіздігі, отбасындағы сенім тапшылығы жатады. Біз салдармен емес, себеппен жұмыс істеуге басымдық береміз.
Әр жасөспірімнің жағдайы бөлек. Бірінде отбасылық қиындық бар, бірінде мектептегі ортаға бейімделу мәселесі туындайды, енді бірі интернеттегі теріс ықпалға түсуі мүмкін. Сондықтан балаларға түрлі бағытта көмек көрсетуге тырысамыз.
Полиция қызметкері баланың жағдайын мектеппен, әлеуметтік педагогпен, психологпен, ата-анамен бірге қарайды. Қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік орган мен қоғамдық ұйым тартылады. Мұндағы мақсат баланы оқшаулау емес, дұрыс ортаға қайтару.
– Айдын мырза, «Жас сақшы» полиция сыныптарының маңызы қандай?
– «Жас сақшы» полиция сыныптары Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қолға алынған маңызды жоба. Бүгінде Алматыда осындай 15 сынып жұмыс істейді. Онда оқушылар жалпы біліммен қатар құқық негізін, тәртіп мәдениетін, жауапкершілік қағидасын меңгереді.
Жоба баланы ерте жастан заңды сыйлауға, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауға үйретеді. Мұнда тек полиция мамандығына қызығушылық қалыптастыру мақсаты тұрған жоқ. Негізгі міндет – азаматтық жауапкершілігі бар, өз құқығы мен міндетін білетін жас буын тәрбиелеу.
Бүгінде әрбір мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Олар білім беру ұйымының әкімшілігімен тұрақты байланыста жұмыс істейді. Ықтимал қауіпке жедел әрекет ету үшін ортақ байланыс арналары құрылған.
Егер мектеп аумағында немесе оған жақын жерде күмәнді жағдай байқалса, ақпарат жылдам жеткізіледі. Мұндай байланыс қағаз жүзіндегі рәсім үшін емес, нақты қауіптің алдын алу үшін қажет. Мектеп әкімшілігі, полиция инспекторы және ата-аналар комитеті бір-бірінен бөлек жұмыс істесе, нәтиже әлсіз болады. Ал байланыс жүйелі болса, қауіп ертерек байқалады.
– Цифрлық ортадағы қауіптерге қарсы қандай жұмыс жүріп жатыр?
– Цифрлық орта бөлек назар аударуды қажет ететін кеңістік. Балалар интернетте жиі пайдаланда. Ал онда жалған ақпарат, кибербуллинг, күмәнді топ, алаяқтық, агрессияға итермелейтін контент кездесуі мүмкін. Сондықтан оқушыларға онлайн қауіпсіздік туралы түсіндіру жүргізіледі.
Ата-аналарға да баланың интернеттегі белсенділігіне немқұрайды қарамау керектігі ұдайы айтып отырамыз. Қадағалау деген тыйым салу ғана емес. Ең дұрысы баламен ашық сөйлесу, сенімді қарым-қатынас орнату, қандай сайтқа кіріп жүргенін, кіммен сөйлесетінін байыппен түсіну.
Баланы қорғауда ата-ананың рөлі жоғары. Полиция мектепке бара алады, түсіндіру жүргізеді, қауіптің алдын алады, қажет кезде әрекет етеді. Бірақ баланың күнделікті көңіл күйін, ортасын, мінезіндегі өзгерісті ең алдымен ата-ана сезіп, көреді.
Сондықтан ата-аналар баланың өміріне белсенді араласуы қажет. Сенім болмаса, бала қиындықты жасырады. Ал жасырылған мәселе кейін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Отбасындағы ашық әңгіме, дұрыс бағдар, тұрақты назар ең мықты профилактика.
– Қоғамның қатысуынсыз нәтиже болмайды деп жиі айтамыз ғой. Мұның сыры неде?
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тек полицияның жұмысы деген түсінік қате. Мұнда мектептің де, ата-ананың да, көршінің де, ауладағы ересек адамның да жауапкершілігі бар.
Егер қоғам бала мәселесіне бей-жай қараса, полиция жалғыз өзі нәтижеге қол жеткізе алмайды. Қауіптің алдын алу үшін ортақ сергектік керек. Балаға қатысты күмәнді жағдай байқалса, оны елемей өтуге болмайды. Әр ересек адам өз ортасында жауапкершілік танытса, қауіпсіздік мәдениеті қалыптасады.
Алдағы кезеңде профилактика, мектеп қауіпсіздігі, интернет кеңістігіндегі қорғаныс және тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс одан әрі күшейтудің көздеп отырмыз. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы ұзақ мерзімді бағдар береді.
Баланың қауіпсіздігі бүгінгі күннің ғана мәселесі емес, қоғамның ертеңіне тікелей әсер ететін стратегиялық міндет. Сол себепті полиция, мектеп, ата-ана және қоғам бір бағытта жұмыс істегенде ғана тұрақты нәтижеге қол жеткіземіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айнұр Жұмахан
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







