Мәжіліс мінберінен анасының 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, жұрттың сынына ұшыраған депутат Ардақ Назаров өз әрекетін дұрыс деп санайды.
Ол әлемжелі мен қоғамда өзін сынға алғандарды «анасын құрметтемейтін адамдар» деп айыптады деп хабарлайды Ertenmedia.
«Мені қаралап, қарсы пікір жазғандар анасын құрметтемейтін, қадірлемейтін жандар. Анаға құрметті қоғам алдында жеткізу айып емес. Мен осы әрекетіммен керісінше ана қадірін түсінбейтіндерге үлгі болғым келді», – деді Назаров Мәжіліс кулуарында.
Депутат өз сөзінің қоғамда резонанс тудырғанын аса маңызды деп есептемейді. Оның ойынша, ананың орны барлық мінберден биік тұруы тиіс.
«Менің әрекетім ешқандай шу тудырған жоқ деп санаймын. Ананың мәртебесі ең биік мінберден де жоғары тұруы керек. Ана әрқашан ардақты болуы тиіс», – деп өз пікірін білдірді ол.
Сынға аса мән бермейтінін айтқан Назаров әлемжеліде жазылған пікірлерге бейжай қарайтынын жеткізді.
«Кім не жазса да, не айтса да оған бола көңілім түспейді. Әркімнің деңгейі әртүрлі. Мен өзімнің қандай ұл, қандай әке, қандай жар екенімді білемін. Сондықтан айтқанымнан кері шегінбеймін», – деді депутат.
Депутат осы тұста Тараздағы жан түршігерлік жағдайды мысал етті. Оның айтуынша, жақында 22 жастағы жігіттің өз анасына жасаған зорлығы және басқа да ұқсас оқиғалар оның жанына қатты батуда.
«Осындай оқиғалар елдің болашағына деген уайымымды күшейтеді. Мен қазақтардың бәрі маған қарсы деп есептемеймін. Әркімнің пікірі әртүрлі, бірақ анаға деген құрмет өзгермеуі керек», – деп қорытындылады депутат.
Айта кетейік, депутаттық сауалын анасының мерейтойынан бастаған Ардақ Назаров көпшілік тарапынан қатты сынға ұшыраған болатын. Желідегі жұрт депутаттың қызметінен кетуін талап еткен еді.
Жамбылдағы жасөспірімдер трагедиясы: Мәжіліс смартфоннан кінә іздеп жатыр