«Қазақмыс» корпорациясы желіде тараған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «ұшақ сатып алынғаны» туралы ақпаратқа пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Компанияның мәлімдемесі
«Бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Қазақмыс» корпорациясы Қазақстанның тұңғыш президентіне ұшақ сатып алыпты-мыс деген ақпараттың таралуына байланысты ресми түрде бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. «Қазақмыс» корпорациясы ешбір жеке тұлғаға әуе кемесін сатып әперген жоқ», — деп жазылған хабарламада.
Компания мәліметінше, әуе кемесін сатып алу тек компанияның өндірістік қажеттіліктерімен байланысты, мұндай келісім туралы кез келген мәлімдеме негізсіз және қоғамды жаңылыстыруға бағытталған.
«Біз бұқаралық ақпарат құралдарын және әлеуметтік желі қолданушыларын таратылатын ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге және расталмаған деректерді жариялаудан бас тартуға шақырамыз. «Қазақмыс» корпорациясы ашықтық қағидатын ұстана отырып, өзінің негізгі қызметі аясындағы жұмысын жалғастыруда», — деп жазылған хабарламада.
Желіде қандай ақпарат тарады?
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 83 миллион долларға үлкен бизнес джет сатып алғаны туралы ақпарат тарады.
«Бизнес джетте Назарбаев ұшып жүр. Себебі «Қазақмыс» — Назарбаевтың компаниясы», — делінеді желіде тараған ақпаратта.