11-13 маусым аралығында Алматыда жыл сайынғы New Vision Forum өтті. Бұл шара Орталық Азиядағы интеллектуалдық, технологиялық және іскерлік диалогтың маңызды алаңына айналды. New Vision Forum тұрақты бизнес-қоғамдастық қалыптастыруға бағытталған өңірдегі басты іскерлік шаралардың бірі саналады. Биыл форумға 5000-нан астам қатысушы жиналады. Олардың қатарында кәсіпкерлер, инвесторлар, мемлекеттік орган өкілдері, креативті индустрия мамандары, технология саласының новаторлары және ірі компаниялардың жетекшілері болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Форум жұмысына 200-ден астам жетекші компания өкілі қатысқан. Бағдарлама технология, басқару, геосаясат, халықаралық нарыққа шығу, компанияларды масштабтау және жаңа экономикалық жағдайға бейімделу секілді өзекті тақырыптарды қамтыды. Ұйымдастырушылар форумды бизнес өкілдері үшін тәжірибе алмасатын, жаңа серіктес табатын және әлемдік өзгерістерге басқа көзбен қарайтын ашық алаң ретінде қалыптастыруды көздегенін айта кетуіміз керек.
Биылғы форумның басты ерекшелігі әлемдік деңгейдегі спикерлердің қатысуы. Олардың қатарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, цифрлық экономика және блокчейн саласының сарапшысы Дон Тэпскот, Siri негізін қалаушылардың бірі Люк Джулия, «Еркектер Марстан, әйелдер Венерадан» бестселлерінің авторы Джон Грей және Glovo негізін қалаушы Саша Мишо бар.
Жобаның бастамашылары Мақсат Құрбенов пен Қанат Көпбаев форум арқылы қазақстандық бизнеске халықаралық деңгейдегі ойлау кеңістігін ұсынуды мақсат етті. Шараға отандық бизнес көшбасшылары да қатысты. Олардың арасында BI Group өкілі Айдын Рахымбаев, Centras Group өкілі Елдар Әбдіразақов, Tan Media Group басшысы Арманжан Байтасов, Royal Flowers өкілі Әділ Тасболатов және басқа да белгілі кәсіпкерлер бар.
Форум негізін қалаушы әрі бас директоры Мақсат Құрбеновтің айтуынша, New Vision Forum қазақстандық кәсіпкерлерге әлемдік деңгейдегі сарапшылармен тікелей ой алмасуға мүмкіндік берген. Ол әсіресе Жозе Мануэл Баррозудың қатысуы ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Себебі Баррозу он жыл бойы Еуропалық комиссияны басқарған, Португалияның Премьер-министрі болған, халықаралық институттарды басқаруда үлкен тәжірибе жинаған саясаткер.
Мақсат Құрбенов мұндай деңгейдегі сарапшылармен диалог құру жаһандық геосаяси жағдайды терең түсінуге, ал отандық бизнеске әлемдік экономикадағы өз орнын анықтауға көмектесетінін айтты. Оның пікірінше, халықаралық басқару тәжірибесі қазақстандық жобаларды ел шекарасынан тыс нарықтарға шығаруға қажет жаңа көзқарас береді.
New Vision Forum биыл жеке тиімділік пен технология тақырыптарымен шектелмейді. Геосаяси тәуекелдер, жаһандық нарықтағы жаңа ереже, халықаралық серіктестік және қазақстандық бизнестің сыртқы нарыққа шығу стратегиясы басты бағыттардың біріне айналады. Қазіргі жағдайда кәсіпкерлер үшін әлемдік трендті түсіну жай қосымша білім емес, бизнес қауіпсіздігі мен өсу стратегиясының негізгі бөлігі болып отыр.
Kusto Group қосалқы құрылтайшысы, форум төрағасы Қанат Көпбаев әлемнің жылдам өзгеріп жатқанын, сондықтан қазақстандық бизнес халықаралық аренада батыл әрекет етуі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, отандық кәсіпкерлерде жаһандық деңгейдегі компаниялар құруға әлеует те, жігер де бар.
Қанат Көпбаев New Vision Forum әр кәсіпкер үйреншікті шеңберден шығып, өз ісіне жаңа қырынан қарай алатын еркін кеңістік ретінде қалыптасқанын атап өтті. Мұндай алаңдар бизнеске тек шабыт беріп қоймай, нақты шешім қабылдауға, нарықтағы тәуекелді бағалауға және жаңа серіктестік құруға көмектеседі.
Қазақстандық бизнестің жаһандық амбициялары
Форум барысында қатысушылар ортақ міндеттерді талқылап, нақты бизнес-кейстерді саралап, өз жобаларына қажет шешімдерді іздейді. Бағдарлама құрылтайшылар мен топ-менеджерлерге, инвесторлар мен маркетологтарға, креативті және технологиялық командаларға пайдалы болатындай жасалған. Іскерлік бөлімнен бөлек, қатысушыларға нетворкинг, интерактивті аймақтар және технологиялық көрмелер ұсынылады.
Өткен жылдары New Vision Forum аясында 200-ден астам спикер сөз сөйлеп, жүздеген сессия мен воркшоп өткізілген. 100-ден астам экспонент-компания қатысқан бұл алаң стратегиялық диалог пен көшбасшылық шешімдер әзірлеудің тиімді платформасына айналып келеді.
Билет құнына New Vision Expo көрмесіне кіру, шеберлік сабақтарының жазбалары, жабық сессияларға қатысу және арнайы пакеттер аясындағы мәдени бағдарламалар енгізілген.
Іс-шараны Nobel Fest ұйымдастырады. Форум Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Ресми әуе тасымалдаушысы – Air Astana. Ресми серіктестер қатарында Kusto Group, Q Group білім беру компаниясы, қазақстандық ASIYA бренді, Berik and Bayan Kaniyev Foundation, KIT Business Community, Chatium және MYD Production бар. Сонымен қатар «Нұрбанк» АҚ мен Kusto Home өңірдегі бизнес, білім беру және инновация жөніндегі диалогты дамытуға қолдау көрсетеді.
New Vision Forum Алматы үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін маңызды іскерлік оқиғаға айналып отыр. Геосаяси белгісіздік күшейген шақта мұндай алаңдар кәсіпкерлерге сыртқы әлемді дұрыс оқуға, технологиялық өзгерісті дер кезінде түсінуге және қазақстандық бизнестің жаңа өсу нүктесін табуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







