Ата заңның тың нұсқасы Тоқаевтың ескі мерзімін есептен шығарып, биліктегі бірқатар тұлғаға қызметін қайта бастауға жол ашты. Саясаткер Әміржан Қосанов Конституциялық соттың түсіндірмесін президенттік мерзімді «нөлдеуге» жасалған құқықтық алғышарт деп бағалады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Конституциялық сот Президенттің өтініші бойынша 1995 жылғы Конституция кезінде жоғары мемлекеттік қызмет атқарған тұлғалардың 2026 жылғы жаңа Конституция күшіне енгесін сол лауазымға қайта сайлануына немесе тағайындалуына қатысты ресми түсіндірме берген-тін.
Соған сәйкес, ескі құжат бойынша атқарылған мерзім жаңа негізгі заңдағы шектеуге кірмейді. Демек, қайта сайлау немесе тағайындау 2026 жылғы Конституция аясындағы алғашқы мерзім саналады.
Тоқаев? Мұндай тәртіп президентке ғана емес, Конституциялық соттың судьясы мен төрағасына, Жоғарғы сот төрағасына және бас прокурорға да қатысты.
Қосановтың айтуынша, осы түсіндірме Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылдан кейін президенттік сайлауға тағы бір рет қатысуына заңдық мүмкіндік беріп отыр.
«Қарапайым тілмен айтқанда, бұрынғы мерзім есепке алынбайды. Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлау алғашқы сайлау саналады», — дейді саясаткер.
Төрт жыл бұрынғы сөз
Қосанов ендігі басты Тоқаевтың саяси шешіміне тірелетінін айтуда. Президент бұған дейін билікке жабысып отырмайтынын, бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелетінін бірнеше рет мәлімдеген еді. 2022 жылғы Жолдауында Тоқаев президент қызметін бір адамның ұзақ уақыт атқаруы мемлекетке де, оның басшысына да абырой әкелмейтінін айтып, қайта сайлануға тыйым салынған 7 жылдық мерзім ұсынған.
Саясаткердің пайымынша, президент сол уәдесінде тұрып, 2029 жылы биліктен кетсе, ел ішінде де, халықаралық деңгейде де беделін көтерер еді.
«Оның ба, оның жаңа Конституцияны пайдалана отырып, өзінен кейін келетін мұрагерін дайындауға әлі екі жарым жыл уақыты бар.
Сол мұрагер Тоқаевтың өзі кезінде Назарбаевқа қарыздар болғандай, оған бар жағынан тәуелді болуы мүмкін. Сөйтіп, Тоқаев 2029 жылдан кейін де қазақтың Дэн Сяопині ретінде елдегі саяси үдеріске ықпал етіп отырар еді.
Оның Қытайдағы саяси ахуалды жақсы білетіні де тегін емес. Саяси мансапты осылай әдемі әрі жайлы аяқтауға не жетсін?», — дейді сарапшы.
Бірақ, бір гәп бар…
Қосанов билікте қалуға деген құмарлықтың кез келген уәдеден басым түсуі ықтимал екенін де жоққа шығармайды. Оның күдігін Конституциялық сот шешімі жарияланған күні билікшіл партиялардың кейбір өкілдері Тоқаевты жаңа мерзімге ұсыну жөнінде пікір айта бастағаны күшейткен.
«Қазақ мұндайда «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді. Сондықтан Тоқаевтың жаңа саяси-құқықтық мүмкіндікті пайдалануы да ғажап емес. Ондай шешімді қоғамға түсіндіретін уәж де табылады.
Реформаларды бастаған адам оны соңына дейін жеткізуі керек деуі мүмкін. Осындай сөзді естігенде көз алдыңа еріксіз ескі Қазақстан елестейді. Ол кезде де Назарбаевтың өкілеттігі әлгіндей желеумен қайта-қайта ұзартылып отырған еді. Мемлекет пен ұлтқа әлі де ішкі және сыртқы қауіп төніп тұр деген уәж айтылуы әбден мүмкін. 20 миллион білімді әрі көзі ашық халықтың арасынан басқа лайықты тұлға табылмады деуі де ғажап емес.
Мұндайды таяудағы тарихымызда талай естідік. Назарбаевпен қатар қартайған буынның жадында олардың бәрі әлі сайрап тұр. Сонда жаңарудың бәрі қарабайыр «нөлдеу» үшін жасалғаны ма?», — деп қынжылды Қосанов.
Тағы бір күтпеген қауіп бар…
Саясаткер Конституциялық соттың түсіндірмесі ел күтпеген басқа сценарийге де жол ашатынын алға тартуда.
«Конституциялық соттың уәжін пайдаланып, бұрынғы Елбасы да президенттік кресло үшін қайта күресуге ниетті екенін мәлімдесе ше? Жаңа Қазақстан заңды саяси кеңістіктегі оппозицияны жойып бітті. Ал Тоқаевтың алдындағы президент әлі тірі, дені сау. Жуырда елдегі ең үлкен мешітке оның есімі берілді. Астанада болып едім. Сол мешіттен Ақордаға дейін қол созым жер екен…», — деп жұмбақтап аяқтапты сөзін Қосанов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







