Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында ана тіліміздің қоғамдағы рөлі туралы маңызды мәлімдеме жасап, қазақ тілін білмеу сауатсыздықтың көрінісіне айналғанын атап өтті. Президент мемлекеттік тілдің ешқандай қысымсыз, табиғи жолмен көпшіліктің ортақ қатынас құралына айналғанын жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкімшілік мәжбүрлеусіз кеңейген өріс
Президент мемлекеттік тіл ұлтты ұйыстырып, елдің тұтастығын нығайтатын басты тетікке айналғанын баса айтты. Оның сөзінше, бұрын болжам ретінде айтылған үрдіс қазір нақты шындыққа айналып отыр. Әсіресе өскелең ұрпақтың ана тілінде еркін сөйлеуі қоғамдық сананың жаңғырғанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы туған тілдің қоғамдағы орны мен бүгінгі жаңа талаптарға кеңінен тоқталды:
«Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзге тілдерді шеттетуге жол жоқ
Сонымен бірге Президент қазақ тілінің қолданыс аясының артуы еліміздегі өзге тілдерді кемсітуге немесе олардан бас тартуға себеп болмауы керектігін ескертті. Жаңа Конституцияда азаматтардың құқығын тіліне, ұлтына, тегіне немесе діни көзқарасына байланысты шектеуге қатаң тыйым салынған.
Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген тілді адамзатқа берілген баға жетпес байлық деп атап, өркениетті ел ретінде барлық ұлттың тілдік құқықтары сақталатынын нақтылады.
«Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Тіл, қандай тіл болса да, бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Арандатушылардың әрекетіне қатаң тосқауыл
Мемлекет басшысы тіл мәселесін желеу етіп, әлеуметтік желіде ұлтараздық отын тұтатуға тырысатын топтардың әрекетін сынға алды. Мұндай пиғылдардың түпкі мақсаты – қоғам ішіне жік салып, елдің тыныштығы мен егемендігіне қатер төндіру.
Тоқаев қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекетке заң аясында қатаң тосқауыл қойылатынын мәлімдеді:
«Ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет», – деп ескертті Президент.
Тіл жанашырларына мемлекеттік қолдау
Мемлекет басшысы еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің, әсіресе жастардың қазақ тілін еркін меңгеріп, оны кеңінен дәріптеп жүргенін мақтанышпен атап өтті. Олар достықтың шынайы дәнекері саналады және ел алдында үлкен құрметке ие.
Тоқаев қоғамдық келісімді бекемдеуге үлес қосқан азаматтарды марапаттау мәселесіне де тоқталды. Осы орайда Президент ел бірлігін сақтау жолында еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына «Ел бірлігі» мемлекеттік орденін тапсыру үшін лайықты үміткерлерді анықтауды тікелей Қазақстан Халық Кеңесіне ұсынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







