Қазақстанның АҚШ-тағы елшілік қызметінде кадрлық өзгеріс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ержан Ашықбаев АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елші қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымды 2021 жылдың сәуірінен бері атқарып келген еді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Желіде тараған мәліметтерге қарағанда, алдағы кезеңде Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас жаңа қарқын алуы мүмкін. Осыған байланысты дипломатиялық корпуста бірқатар өзгеріс жасалып, Уашингтондағы өкілдікті күшейту мақсатында жаңа команда жасақталмақ деген болжам айтылып жатыр.
Айта кетейік, бұл соңғы тәуліктегі дипломатиялық және сыртқы саясат саласындағы үшінші ірі кадрлық өзгеріс ретінде бағаланып отыр. Бұған дейін Мұрат Нұртілеу Сыртқы істер министрі қызметінен босатылып, оның орнына Ермек Көшербаев тағайындалған болатын.
Сонымен қатар АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметі бірнеше айдан бері бос тұрғаны да назар аудартады. Осы лауазымға ұсынылған Жули Стафт әлі ресми түрде жұмысын бастаған жоқ. Оның Қазақстанға қатысты бұрын айтқан пікірлері қазақтілді аудитория арасында оң қабылданғаны да айтылып жүр.
Жалпы алғанда, соңғы өзгерістер Қазақстанның сыртқы саясаттағы бағыты мен дипломатиялық корпус құрамында жаңару процесі жүріп жатқанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







