Депутаттар Мәжіліс отырысында қыз алып қашу мәселесін көтерді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов сахнада айтылып жүрген әндерді сынап тастады. Оның сөзінше, бұл әндердің мәтінінде дәріптеу сарыны бар.
«Өткен аптада Астанада бір университет студенттерімен кездестім. …Қыз балалар маған бір ролик көрсетті. Қыз баланы алып қашқан. Қасында біреу көндіріп, «өз еркіммен келдім деп жаз» деп айтып отыр. TikTok-та тұр. Барлығы мазақ қылып, соны айтып жатыр. Құқықбұзушылық. Нағыз заңбұзушылық.
Белгілі әншілер сахнада осылай ән айтып жатыр: «Алып қашамын, мейлі олай қалама. Келін қыламын, сені қалай да анама» дейді. Екінші әнші айтады. «Көресің, менің үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың, көндіремін, көнесің. Қыз болып келесің, келін болып қаласың» дейді. Міне, мәжбүрлеу. Соны теледидардан насихаттап, көрсетіп жатырмыз», — деді ол.
Депутаттың айтуынша, қыз алып қашу жылдан-жылға көбейіп келе жатыр.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин өзі де қыз өсіріп отырғанын, бұл өте өзекті мәселе екенін мәлімдеді.
«Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Ол — етек алып кеткен жағдай. ХХІ ғасырда әке-шешесімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адамды салып алу тауар емес, зат емес, ол адам ғой. Оның тағдырына әсер етеді. Бұл заң аясында қаралатын нәрсе емес шығар, бірақ Парламенттің төрінде қоғамдағы кез келген өзекті мәселе талқылануы керек деп Президент айтқан жоқ па? Жігіттерді түсінбеймін. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт не қылған жігіт?! Көшеге барып, қызды бүктеп-бүктеп салып алады деген… Менің үш қызым бар. Алдынан өтіп, сөз байласып, құда түсіп алғанды бәріміз де жақсы көреміз. Мынау — қоғамдағы үлкен дерт. Қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы керек» — деді ол.