15 қыркүйектен бастап республикалық маңызы бар ақылы жолдарды пайдалану тәртібі жаңарады. Жол жабынында қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіретін ақау анықталса, сол бөлікке төлем алынбайды. Жаңа норма биыл мамыр айында Индустрия және көлік министрлігінің ұсынысымен бекітілген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ел аумағында қазір 27 ақылы трасса бар. Жаңа тәртіп бойынша тариф енді тек жүріп өткен қашықтыққа емес, жол сапасына да тәуелді болады. Мәселен, жүз шақырымдық жолдың бес шақырымы бүлінсе, жүргізуші тек жарамды 95 шақырым үшін ғана төлейді. Ақау тіркелген сәтте төлем жүйесі автоматты түрде тоқтатылады, жөндеу аяқталғаннан кейін қайта іске қосылады.
Жолдың техникалық ахуалын ұлттық оператор тұрақты бақылауда ұстайды. Ой-шұқыр, жарық немесе өзге де ақауларды жүргізушілердің өздері де тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына хабарлап айта алады. Мұндай өтініштер жедел қаралады, соған сай қайта есептеу жүргізіледі немесе төленген қаржы қайтарылады.
Министрлік осы талап республикалық және халықаралық маңызы бар барлық ақылы жолға бірдей қолданылатынын атап өтті. Қай учаскеде төлем алынбайтынын жүргізушілер 1403 нөмірі арқылы біле алады. Сондай-ақ көліктің мемлекеттік нөмірі бойынша дербес тексеру мүмкіндігі де қарастырылған.
Осыған дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшысы Дархан Иманашев былтыр ақылы жолдардан ел қазынасына 48 миллиард теңге түскенін айтқан еді. Компания биыл осы көрсеткішті екі есеге жуық ұлғайтып, 100 миллиард теңгеге жеткізуді көздеп отыр.
Жиналатын қаржының 60 миллиард теңгесі жолдарды тазалау, ағымдағы жөндеу жүргізу және жол белгілерін жаңартуға бағытталады. Тағы 30 миллиард теңге мамандандырылған жол техникасын сатып алуға жұмсалмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







