Қазақстанда кітапқа қызығушылық бәсеңдеді деген үйреншікті сөзді бір миллионнан астам адамның таңдауы жоққа шығарды. «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына тіркелгендер саны екі аптаның ішінде миллиондық межеден асты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту және кітап оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығын іске асыру аясында өткізіліп жатыр. Қатысушылар жеті конкурстық бағыттың бірін таңдай алады. Тіркелген әр адамға алты ай ішінде 15 кітап оқу міндеті қойылған.
Үміткерлер ұйым, аудан, қала және өңір деңгейіндегі бірнеше іріктеуден өтеді. Өңірлік кезеңде қатысушылар командалық форматта сынға түседі. Мұндай жүйе кітапты түсініп оқумен қатар, пікір алмасу, ойды дәлелдеу және топпен жұмыс істеу қабілетін де бағалауға мүмкіндік береді.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев халықтың жобаға жоғары қызығушылық танытқанын атап өтті. Оның айтуынша, оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік органдарға ғана жүктелетін міндет саналмайды. Екі апта ішінде бір миллионнан астам адамның тіркелуі бастаманың қоғамда сұранысқа ие екенін көрсетті.
Өңірлік іріктеу қорытындысында шамамен 4 мың қатысушы «Жыл оқырманы» атағы үшін жарысты жалғастырады. Бірінші орын алған жеңімпазға 600 мың теңге, екінші орынға 450 мың теңге беріледі. Үшінші орын иегері 300 мың теңге көлемінде сыйақы алады.
Келесі кезеңде қатысушылар оқыған шығармалары бойынша эссе дайындайды. Олар кітап мазмұнын таныстырып, сарапшылар алқасының алдында өз ойын көпшілікке ұсынады. Осы сынақтардың қорытындысында әр өңірден 10 үздік оқырман таңдалады.
Республикалық финал Астанада өтеді. Оған еліміздің 20 өңірінен іріктелген 200 адам қатысады. Финалистер тест тапсырып, конкурстық тапсырмаларды орындап, қазылар алдында ашық сөз сөйлейді.
Шешуші кезеңнің қорытындысында Қазақстанның 10 үздік оқырманы анықталады. Олардың әрқайсысына 10 миллион теңгеден бас жүлде табысталады. Осылайша республикалық финалға бөлінген жалпы жүлде көлемі 100 миллион теңгеге жетеді.
Жобаның салмағы қомақты сыйақымен ғана өлшенбейді. Алты ай бойы кітап оқу, ой қорыту және оны көпшілік алдында қорғау қатысушыны жүйелі ізденіске жетелейді. Миллион адамның бір мезетте кітап төңірегінде тоғысуы оқу мәдениетін жеке әдеттен қоғамдық құндылыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







