Қазақстанда зейнетақы төлемдері қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен, елден көшіп кеткен адамдарға, тіпті Ауғанстан, Нигерия және Үндістан тұрғындарына да аударылғаны анықталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоғары аудиторлық палата Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін тексеріп, 2020–2024 жылдар аралығында 60 мыңнан астам адамға жалпы 21 млрд теңге көлемінде негізсіз зейнетақы төленгенін анықтаған.
Аудиторлар бұған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері толық біріктірілмегені себеп болғанын айтады. Яғни министрлік базасы ІІМ, СІМ, ҰҚК және Бас прокуратура жүйелерімен автоматты түрде байланыспаған. Соның салдарынан адамның қайтыс болғаны, елден кеткені немесе хабарсыз кеткені туралы дерек төлем тоқтатуға уақытында әсер етпеген.
Мәселенің ең ауыр тұсы – қаражаттың кімнен және қалай қайтарылатыны әлі анық емес. Егер ақша нақты алушының шотына түсіп, кейін шешіліп кетсе, оны өндіру бөлек құқықтық рәсімге айналады. Ал жүйелік қате үшін жауапты мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі де ашық айтылуы керек.
Жоғары аудиторлық палата бұған дейін зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріндегі аудит қорытындысында 216 млрд теңгеден астам қаражат тиімсіз пайдаланылғанын да хабарлаған еді.
Бұл оқиға әлеуметтік төлем жүйесіне цифрлық интеграцияның қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қарапайым зейнеткер әр тиынын есептеп отырғанда, бюджет ақшасының «өлі жандарға» кетуі – жай техникалық қате емес, мемлекеттік басқарудағы үлкен салғырттық.
Енді басты сұрақ біреу: 21 млрд теңгені кім қайтарады және мұндай жағдай қайталанбауы үшін нақты кім жауап береді?
Қазақстанда ескі үлгідегі 2000 және 10 000 теңгелік банкноттардың жаңа купюралармен қатар жүру мерзімі биыл аяқталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






