Kaspi банктің акционері, Қазақстанның ең қалталы азаматтың қатарындағы Вячеслав Ким Jusan банкін сатып алуға ниетті. Бұл туралы Manualanomics Telegram-арнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып хабарлады, — деп жазады ErtenMedia «Әшкере» арнасына сілтеп.
Мәліметке сай, ол Jusan Bank-тің қазіргі иесі, Ахметжан Есімовтің экс-күйеубаласы Ғалымжан Есеновке тиесілі бүкіл акциялар пакетін (99,74%) иеленбек.
Jusan Bank-тің иесі ауысатыны және даму стратегиясының өзгеретіні бұған дейін де айтылып жүрген. Егер реттеуші органдар келісім берсе, жақын арада банктің жаңа меншік иесі Вячеслав Ким болмақ. Қазір Kaspi активтер көлемі бойынша елімізде екінші орында тұр (8,2 трлн теңге), Jusan – алтыншы (3,3 трлн теңге).
Jusan Bank 2017–2020 жылдары мемлекеттен 1 трлн теңге көмек алғаны белгілі. Әзіргі бұл қарызды кім қайтаратыны белгісіз.
Bloomberg-тің пайымдауынша, 6,7 млрд доллары бар Вячеслав Ким нашар несиелер мәселесін Есеновке қарағанда тиімдірек шеше алады. Өткен жылы Jusan 100 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік көмекті қайтарған болатын.
«Банктің жаңа стратегиясы кәсіпорындарды несиелендіруге және кепілді займдарға, соның ішінде ипотекалық кредиттерге бағытталуы мүмкін, осылайша ол Kaspi-мен тікелей бәсекеге түспейді», — дейді осы тұста Bloomberg.