Кәсіпкер Қайрат Боранбаев мемлекетке құны 35 миллиард теңге болатын мұнай компаниясын қайтарды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Қайрат Боранбаевқа тиесілі Phystech II компаниясы толығымен мемлекет балансына өтті. Бұл туралы акционерлер тізілімінің үзінді көшірмесінде айтылған. Құжат KASE-де 1 тамыз күні пайда болды.
Құжатқа сәйкес, 1 шілдедегі жағдай бойынша «Phystech II» АҚ жалғыз акционері — ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Компанияда барлығы 18,5 миллион акция бар, оның 13 749 100 акциясы қор биржасында тіркелген.
Айта кетейік, акционерлік қоғам Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай өндіреді, оның құны 35,5 млрд теңгеге бағаланды. Боранбаев Phystech II-ді KazTurboRemont холдингі арқылы басқарды.
Айта кетейік, былтыр 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ал оған дейін наурызда ол 8 жылға сотталды. Қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды.
Сонымен қатар, «бай құда» Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді, басқа да біраз мүлікті мемлекет меншігіне тапсырды. Ал аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақүй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады екен.