Бокс бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Париж Олимпиадасына дайындық барысындағы ұлттық құраманың қазіргі ахуалы туралы пікір білдірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық құрамаға бұрын жетекшілік еткен білікті бапкер Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңіндегі Сәкен Бибосынов пен өзбекстандық Хасанбой Досматов жекпе-жегіне қатысты ойын ортаға салды.
«Ағылшын журналисі Бибосын мен Досматов кездесуін талдап жазыпты. Ол Хасанбой жеңді деп отыр. Шынын айтсам, мен де сол пікірдемін. Төрешілер де жайдан-жай шешім шығармайды ғой», – деді бапкер журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында.
Бірнеше чемпионды тәрбиелеген маман қазіргі боксқа жетіспей тұрған басты қасиет – жеңіске деген жігер мен аштық екенін алға тартты.
«Бар үмітті бас бапкерге артып қойған. Олимпиадаға нағыз жеңіске шөліркеген, «аш» спортшылар баруы керек. Спортшы тойып алса, шаршы алаңда қалай қимылдайды? Аш адам ғана тынбай еңбек етеді. Финалда кім қарсыласын таңғалдыратын жаңа тәсілмен шықса, жеңіс соның қолында. Ал бізде 3-4 Олимпиадаға қатысқан ардагер спортшыларды қайта-қайта апарады. Бар гәп осында. Осыны жаттықтырушылар түсінбей отыр. Барлық сәтсіздіктің себебі – осы», – деді Тұрсынғали Еділов.
Бапкердің айтуынша, ұлттық құрамада спортшыларды алмастыру мәселесі өте өзекті болып тұр.
«Қамшыбек Қоңқабаевтың орнына кім шығады? Ешкім жоқ. Асланбек Шымбергеновтің орнын басатын да спортшы көрінбейді. Бұл мәселе Токио Олимпиадасынан кейін бірден көтеріліп, сол кезде шешім қабылдануы керек еді. Қоңқабаев қазір не істейді? Бірнеше рет құлады. Оны нокаутқа түсірген Жалоловты жеңген боксшы қазір мықты саналып жүр. Ал біздікілер жайбарақат, «семіріп» кеткен сияқты», – дейді тәжірибелі бапкер.
Сұхбат барысында Тұрсынғали Еділов спорттық мансабындағы «әттеген-ай» деген тұстарын да жасырмады.
«Шәкіртім Ермахан Атлантадан жүлдемен оралды, бір пәтер де бұйырған жоқ. Сидней Олимпиадасынан керемет жетістікпен оралдық, 100 мың доллар алдым, бірақ сол кезде де баспаналы болмадым. Бауыржан Оспановқа ерекше алғысым бар – ол бас бапкер қылып тағайындап, 2000-3000 доллар жалақы беріп, қамқорлық танытты. Алматы облысының құрамасын басқарған кезде жылына миллион доллар беремін деген уәдесін де орындады», – деді Тұрсынғали Еділов журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

