Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Үкіметке реформаларды іс жүзінде орындау бойынша нақты міндеттер жүктелді, деп жазады Ertenmedia.kz.
1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Осыған байланысты өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын айтты.
Оның сөзінше, жаңа Конституция Қазақстанның алдағы онжылдықтағы даму бағытын айқындайтын маңызды құжат. Ол мемлекеттік институттардың берік негізін қалыптастырып, елдің прогрессивті дамуына жол ашады.
Премьер-министр барлық реформаның басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Үкіметке инфляцияны 10 пайыздан төмен деңгейде ұстау және бұл жұмысты Ұлттық банкпен үйлестіру тапсырылды. Ұлттық экономика министрлігіне теңгерімді тариф саясатын жүргізу міндеті жүктелді.
Экономиканың нақты секторын дамыту да негізгі басымдықтың бірі ретінде белгіленді. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібінде 200-ге жуық жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Үкімет инвестиция тарту, жаңа технология енгізу, фармацевтика саласын дамыту және отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттыру бойынша жұмысты күшейтуі керек.
Ауылдағы жұмыспен қамту мен мал шаруашылығын қолдау да назардан тыс қалмайды. Бұл бағыт өңірлердің табысын арттырып, ауыл экономикасының тұрақтылығын күшейтуге тиіс.
Энергетика саласында да нақты тапсырмалар берілді. Үкімет елді газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізуі керек. Энергетика министрлігі Көлік министрлігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірге авиаотынды сақтау және тарату инфрақұрылымын дамыту жоспарын әзірлейді.
Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы көмір станцияларының құрылысын жеделдету тапсырылды. Бұл өңірлердегі энергия тапшылығын азайтып, коммуналдық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды.
Коммуналдық инфрақұрылым бойынша жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланған. Премьер-министр тұрғын үйді белгіленген көлемде пайдалануға беруді, инженерлік инфрақұрылымды уақытылы салуды және құрылыс сапасын қатаң бақылауды тапсырды.
Көлік саласында жаңа теміржол желілерін аяқтау, вокзалдарды жаңғырту және маңызды автожол жобаларын жалғастыру міндеті қойылды. Олардың қатарында Қарағанды – Жезқазған, Бейнеу – Сексеуіл, Орталық – Батыс бағыттары бар. Сондай-ақ Астананың жаңа әуежайын салуды бастау тапсырылды.
Жасанды интеллект бағыты жеке қаралды. Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жеделдетуді, шетелдік инвесторларды тартуды және Qazaq AI Research University жобасын іске қосуды тапсырды. Бұл университет жасанды интеллект саласындағы мамандар даярлайтын негізгі орталықтардың бірі болуы тиіс.
Бизнес пен инвестиция бойынша да нақты меже белгіленді. Үкімет әкімшілік кедергілерді азайтып, кәсіпкерлерге арналған цифрлық сервистерді дамытуды жалғастырады. 2026 жылы 25,5 миллиард доллар шетелдік инвестиция және негізгі капиталға 31,5 триллион теңге инвестиция тарту міндеті қойылды.
«Таза Қазақстан» бастамасы да Үкімет жұмысының маңызды бағыты болып қала береді. Мемлекеттік органдарға елді мекендерді абаттандыруды күшейту, жастар мен волонтерлерді осы іске кеңінен тарту тапсырылды.
Ішкі істер министрлігіне құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысын күшейту және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі комиссия жұмысын жаңарту міндеті берілді.
Әлеуметтік салада көмек барынша атаулы болуы керек. Еңбек министрлігіне цифрлық құралдарды пайдалана отырып, әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау тапсырылды.
Білім беру саласында да жаңа міндеттер қойылды. Оқу-ағарту және ғылым министрліктері мектептер мен жоғары оқу орындарында жаңа Конституцияны, құқықтық мәдениетті және азаматтық жауапкершілікті оқытуды күшейтуі тиіс.
Олжас Бектенов Үкімет үшін енді ең маңызды кезең басталғанын айтты. Бұл кезең Конституцияда бекітілген қағидаттарды нақты іске асырумен өлшенеді.
Премьер-министрдің сөзінше, елге тек бәсекеге қабілетті маман ғана емес, өз мемлекетінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат тәрбиелеу қажет. Жаңа Конституцияның мәні де осы жауапкершілікті нақты іспен дәлелдеуде жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







