Оңтүстік Кореяда апатқа ұшыраған ұшаққа қатысты тың дерек белгілі болды, -деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Yonhap басылымы мәліметінше, 29 желтоқсанда Муан әуежайында апатқа ұшыраған Jeju Air әуекомпаниясының Boeing 737-800 ұшағының қара жәшіктерінде соңғы минуттағы жазбалар жоқ болып шықты.
АҚШ-тың көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесінің қызметкерлері ұшақ бетон конструкциямен соқтығысқанға дейінгі шамамен төрт минуттық жазба үзілгенін анықтаған.
Оңтүстік Корея билігі бұл ұшақ апатының себептерін зерттеуді қиындататынын мәлімдеді. Бірақ құзырлы органдар қара жәшік ұшақ апатының жалғыз дерегі емес екенін де айтты.
Айта кетейік, 29 желтоқсанда Бангкоктан Муанға ұшқан лайнер қона алмады. Шассиді шығару жүйесі істен шығып, ұшақ бетон қоршаулармен соқтығысып, кейін жарылды. Борттағы 181 адамның 179-ы қайтыс болды. Экипаждың екі мүшесі аман қалды.