Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы жақындасуды көпшілік «теңсіз одақ» деп сипаттап жүр. Бірақ Фридрих Науман қорының Корея кеңсесі тапсырыс берген, Сеулдегі Hankuk University of Foreign Studies зерттеушісі Олена Гусеинова дайындаған «Unequal Partnership» есебі бұл байланысты жай теңсіздікпен шектеуге болмайтынын аңғартады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Пхеньян 2023 жылдан бері Мәскеуге қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери күш түрінде 5,6 млрд-тан 9,8 млрд долларға дейінгі қолдау көрсеткен, ал кері қайтқан нақты өтем 457 млн-нан 1,19 млрд долларға дейін ғана бағаланады. Ресей жағынан барған көмектің басым бөлігі азық-түлік, мұнай, қарапайым әуе қорғаныс жүйелері және аз көлемдегі әскери техникамен шектелген.
Есептегі ең ауыр тұс – жеткізілім көлемі. Зерттеу авторларының бағалауынша, Солтүстік Корея Ресейге 5,7–6,7 млн артиллериялық снаряд, 1,05–1,24 млн миномет оғы, 649 мыңнан 878 мыңға дейін реактивтік жүйе зымыранын, KN-23/24 типіндегі 248-ге дейін баллистикалық зымыран, 479-дан 794-ке дейін артиллериялық қондырғы мен ұшыру жүйесін, сондай-ақ шамамен 15 мың әскери қызметкер жіберген. Осы қолдаудың жалпы құны КХДР-дың бір жылдық шамаланған экономикалық өнімінің үштен бірінен де асып түседі.
Мәскеудің қайтарымы тек көлем жағынан ғана әлсіз емес, сапа жағынан да шектеулі көрінеді. Фридрих Науман қоры жариялаған түйінде Ресейдің Солтүстік Кореяны технологиялық тұрғыдан жаңғыртуда шешуші рөл атқарғанына дәлел жоғын айтады. Иә, жаңа солтүстіккореялық кемелерден ресейлік Pantsir жүйесінің ізі байқалады, иә, спутниктік бағдарламада белгілі бір селективті көмек болуы мүмкін. Бірақ зерттеу мұны ұзақ мерзімді технологиялық серіктестікке дәлел бола алмайды деп тұжырымдайды. Басқаша айтқанда, Кремль Пхеньянға соғысқа қажет минимумды ғана беріп, стратегиялық ноу-хауды ашық бөлісіп отырған жоқ.
Ең маңыздысы – осыншама әскери белсенділік Солтүстік Кореяның ішкі тұрмысына серпін әкелмеген. Қордың ресми түсіндірмесіне қарағанда, 2024 жылдың қаңтарынан бері солтүстіккореялық вон едәуір құнсызданып, инфляция күшейген. Зерттеу қаржы ағыны жүрсе де, оның санкциядағы банктер мен ресейлік делдалдардың көмескі тетігі арқылы өтіп, іс жүзінде Ресей қаржы жүйесінен шыға алмай қалғанын көрсетеді. Еркін айналатын валюта Пхеньянның қолына тимеген соң, баға тұрақтылығы да, импорттық мүмкіндік те күшеймеген. Мұндай жағдайда пайда көретін топ – бүкіл ел емес, режим маңындағы тар элита ғана.
Контекст
Сонда Ким Чен Ын не үшін осындай айырбасқа барып отыр деген сұрақ туады. Гусеинова The Korea Times басылымына берген түсіндірмесінде Пхеньянның басты ұтысы экономикалық емес, саяси екенін айтады. Ресеймен жақындасу Солтүстік Кореяның халықаралық оқшаулығын сәл де болса бұзып, Ким режимінің сыртқы беделін көтерді. Путинмен, кейін Қытай басшысымен қатар көріну, әлемдік медианың назарын аудару – Пхеньян үшін ішкі пропагандаға жарайтын символдық капитал. Оған қоса, соғыс алаңында қарудың қалай қолданылып жатқанын көру мен заманауи ұрыс тәжірибесін жанама түрде жинау да режим үшін маңызды мотивке айналған.
Бірақ дәл осы жерде «одақтың» шын бағасы көрінеді. Фридрих Науман қорының Кореядағы өкілі Фредерик Шпор Ресеймен ынтымақтасқан елдерде көбіне жергілікті элита ғана ұтады, ал кең халық зардап шегеді деп ашық айтты. Осы логика Солтүстік Кореяға да дәл келеді: сыртқы сахнада Ким Чен Ынның беделі сәл жылтырағанымен, қарапайым халықтың тұрмысы жеңілдеген жоқ. Демек Пхеньян үшін Ресеймен байланыс толыққанды экономикалық серіктестік емес, режимнің саяси витринасы мен әскери есебі ғана.
Сондықтан Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы қарым-қатынасты «теңсіз одақ» деу аздық етуі мүмкін. Мұнда Мәскеу соғысқа қажет қорды алып отыр, ал Пхеньян қайтарымына ішкі экономикасын көтеретін еркін ресурс емес, символдық мәртебе мен шектеулі әскери тәжірибе ғана көріп отыр. Есеп авторы тіпті Ресей Солтүстік Кореяны әдейі «ілініп тұрған күйде ұстап», тәуелділікті тереңдетіп отыр деп болжайды. Яғни сырттай одаққа ұқсайтын құрылымның ішкі табиғаты серіктестіктен гөрі біржақты пайдалануға көбірек жақын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







