Еуроодақ күзде Ресейге қарсы санкцияның жаңа толқынын әзірлеп жатыр. Жобаға мүше 27 мемлекеттің бәрі келіссе, қара тізімдегі ресейлік азаматтар, компаниялар мен ұйымдар саны бірден шамамен үштен бірге көбейеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың айтуынша, Брюссель Украинадағы соғыс басталғалы бергі ең ауқымды дербес санкциялар тізімін ұсынбақ.
«Путин? Еуроодақ санкциялары Кремль үшін қымбатқа түсті. Ресейдің соғыс машинасы бір триллион еуродан астам қаржыдан қағылды. Күзде мен соғыс басталғалы бергі ең кең санкциялық тізімді ұсынамын. Ол қабылданса, шектеуге іліккен ресейлік құрылымдардың жалпы саны бірден үштен бірге артады. Мәскеу соғысты тоқтатқанша қысым күшейе беруге тиіс», – деді Каллас.
Reuters-тің дипломатиялық дереккөздері жаңа тізімге Ресейде орналасқан шамамен 1600 адам мен ұйымды енгізу ұсынылатынын хабарлады. Негізгі соққы Мәскеудің әскери-өнеркәсіп кешеніне, қару-жарақ өндірісіне және соғысты материалдық тұрғыдан қамтамасыз ететін құрылымдарға бағытталмақ.
Тізімге енген тұлғалардың Еуроодақ аумағына кіруіне тыйым салынып, активтері бұғатталады. Оларға ақша аударуға, экономикалық ресурс беруге және қаржылық операция жүргізуге де шектеу қойылады. Қазір ЕО-ның Ресейге қатысты қара тізімінде үш мыңға жуық адам мен компания бар.
Еуроодақтың дипломатиялық қызметі ұсынысты қыркүйектің басында мүше мемлекеттерге таныстырып, қазан айында бекітуді жоспарлаған. Бұл жолы салалық тыйымдардан гөрі нақты адамдар мен ұйымдарға бағытталған шектеулерге басымдық берілмек. Брюссель осылайша ұзақ саудаласуды айналып өтіп, құжаттың қабылдануын жеделдеткісі келеді.
Себебі мұнай, газ, банк немесе сауда секторларын қамтитын ірі пакеттер Еуроодақ ішінде жиі тартыс туғызады. Мәселен, шілдеде қабылданған 21-санкциялық пакетті талқылау кезінде Грекия ресейлік сұйытылған газды тасымалдауға қойылатын шектеуге байланысты мәселе көтерген.
Дегенмен жаңа тізімді қабылдау үшін де ЕО құрамындағы 27 мемлекеттің бірауызды қолдауы қажет. Бір ел қарсы шықса, ұсыныс бекітілмейді.
Қыркүйекте украин балаларын Ресейге әкетуге қатысы бар деп танылған тұлғаларға қарсы бөлек шектеулер де ұсынылмақ. Күздің кейінгі айларында кибершабуыл, жалған ақпарат тарату және өзге мемлекеттердегі саяси үдерістерге араласу секілді гибридті әрекеттерге қатысы бар адамдар мен ұйымдар нысанаға алынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







