Ұлттық банк доллар бағамы бойынша тағы бір мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Қарашаның қорытындысы бойынша теңге бағамы 5 пайызға әлсіреп, 1 АҚШ долларына шаққанда 512,52 теңгеге дейін барды.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 278 миллионнан 262 миллион АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі — 5,5 миллиард АҚШ доллары.
«Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қарашада Ұлттық қордан 1 260 миллион АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі — жалпы сауда-саттық көлемінің 23 пайызы және күніне 60 миллион АҚШ долларынан аспайтын мөлшерге жетті. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді», — деп жазылған хабарламада.
2024 жылғы желтоқсанда Ұлттық банк Ұлттық қордан 800 миллионнан 900 миллион АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
«БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40 пайыз екенін ескере отырып, Ұлттық банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбайды. Валюта нарығында тепе-теңдікті арттыру үшін 2024 жылғы 19 қарашада Үкіметтің қаулысына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі валюталық түсімнің 50 пайызын міндетті түрде сатуы туралы норма қайта күшіне енді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында екінші деңгейлі банктер арқылы дербес сатады», — деп жазылған хабарламада.
Ұлттық банк интервенцияға қатысты да пікір білдірді.
«Бірқатар іргелі факторлар нашарлағандықтан, теңгенің айырбастау бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеп, шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету үшін 15–28 қараша аралығында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді. Айдың қорытындысы бойынша валюта сату көлемі 1 047 миллион АҚШ доллары болды», — деп жазылған хабарламада.