Қазақстандықтарға мамыр айынан бастап мобильді аударымдарға байланысты салықтық хабарламалар жолдана бастайды. Бұл туралы Мәжіліс дәлізінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Вице-министрдің айтуынша, қазір банктер барлық қажетті деректерді мемлекетке өткізген. Министрлік мамандары ақпаратты жан-жақты саралап, әр операцияны жеке-жеке санатқа бөліп, талдау жүргізуге кірісіп кетті.
«Қандай санаттағы азаматтарға нақты қандай шара қолданылатыны туралы әзірге айту қиын. Өйткені алдымен осы деректерді мұқият талдап, кімнің жеке кәсіпкер, кімнің өзін-өзі жұмыспен қамтушы немесе резидент еместігін анықтауымыз қажет. Қазір қорытынды жасауға әлі ерте. Алғашқы хабарламалар азаматтарға мамыр айында жіберіле бастайды», – деді Ержан Біржанов.
Ведомство өкілі әзірге қанша азаматтың салық хабарламасын алатыны туралы нақты дерек айту мүмкін еместігін атап өтті. Мамандар алдымен банктер ұсынған ақпаратты әрбір азаматтың санатына сәйкес мұқият саралап шықпақ.
Айта кетелік, бұған дейін мобильді аударымдардың талап-шартын егжей-тегжейлі талдаған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







