Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жөніндегі Кіші комиссияның төртінші отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова төрағалық етті.
Кездесуде министр Аида Балаева екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар екі елдің мәдени-рухани ынтымақтастығын нығайтуға тікелей ықпал етуде.
Өз кезегінде РФ Мәдениет министрі Ольга Любимова алдағы уақытта да бірлескен бастамалардың жалғасатынына сенім білдірді.
– Алдымызда тұрған міндеттер аз емес. Бүгінгі отырыста серіктестігіміздің негізгі бағыттарын талқылаймыз. Әсіресе, кино саласы, кітапхана ісі және мәдениет мамандарын даярлау бағыттарына ерекше көңіл бөлуді ұсынамыз, – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ресейдің ГИТИС театр өнері институты арасындағы Жол картасына қол қойылды. Бұл құжат актерлік шеберлік, сахна тілі, хореография, театр менеджменті және продюсерлік бағыттағы бірлескен іс-шараларды қамтиды.
Сонымен бірге, Мәскеуде Қазақстанның мәдени күндері басталды. Аида Балаева осы шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген ресейлік әріптесіне алғысын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







