Ақтаудағы ұшақ апаты геосаяси ахуалға әсер еткені жасырын емес. Баку Мәскеуден кінәсін мойындауды талап етті. Әзербайжандық БАҚ-та Баку мен Мәскеу таласында Қазақстан президенті Әзербайжанды қолдайтыны жөнінде ақпарат пайда болды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Ұшақ апатына байланысты қиын жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев принципті ұстаным көрсетті», — деп бағалады әзербайжандық БАҚ.
Minval.az мәліметінше, Баку мен Мәскеу арасындағы дауда Қазақстан былай деген: Астана қара жәшіктерді ТМД-ның Халықаралық авиация комитетіне беруден бас тартты.
«Бұл комитетке Ресей лоббизм жасап отыр. Қазақстандық тарап ұшақ бортында оттегі баллоны жарылғаны туралы ақпаратты Ресейден алынғанын айтып, жалған ақпаратты жоққа шығарды», — деп жазылған ақпаратта.
Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев бастаған әуе оқиғасын тергеу жөніндегі комиссия Әзербайжанмен және Ресеймен кеңескеннен кейін қара жәшіктер Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу орталығына (CENIPA) жіберілгенін хабарлады.
«Бұл шешім президент Тоқаев Баку жағында тұрғанын анық көрсетті. Қазақстан Мәскеудің орасан зор қысымына қарамастан, кінәлілерді тергеу мен жазалауға мүдделі екенін растап, ашық көрсетпесе де жанама түрде Баку жағына шықты», — деп жазылған мәліметте.
Әзербайжандық басылым Ресей бұл жағдайда ұятқа қалғанын жазды.
«Кремль Әзербайжанмен қарым-қатынасты бұзуда үлкен қате жіберді, Әзербайжан — осы уақытқа дейін маңызды серіктес ретінде қарастырылған ел. Сонымен қатар, Мәскеудің әрекеттері Әзербайжандағы қоғамдық пікірге әсер етті. Мұнда Украинадағы соғысқа қарамастан халықтың белгілі бір бөлігі Ресейді қолдайтын еді. Енді бұл көзқарас түбегейлі өзгерді», — деп жазылған мәліметте.
Қиын сәттегі қолдау Қазақстанның Әзербайжандағы беделін асқақтатты деп отыр сарапшылар.
«Қазақстан Әзербайжан ішінде өзінің беделін бірнеше есе арттырды. Егер қазір Баку көшелерінде сауалнама жүргізілсе, онда бұл ел Түркиядан кейін ең жақын және дос елдер тізімінде болуы мүмкін», — деп жазылған мәліметте.
Әзербайжан президенті Әлиев Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, кейін «біздің Қазақстанмен достығымыз бен бауырластығымыз осы ауыр сынақтан кейін күшейе түсті», — деді.
«Әлиев Қазақстаннан кепілдік алды, ол осы мәселеде ең дұрыс шешім қабылдады. Астана шынайы түркі ынтымақтастығын көрсетті. Сондай-ақ, Астана Бакуден кейін мифті жойып, Ресейдің «қолшоқпары» емес екенін көрсетті. Өйткені әлі күнге дейін Кремль солай ойлайды және онымен санасуға тура келеді», — деп жазылған ақпаратта.