Қазақстанда психолог мамандардың дайындық деңгейі мен қызмет сапасына бірыңғай талаптар белгілейтін ресми кәсіби стандарт бекітілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек министрлігі қабылдаған құжат білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын психологтардың жұмысын бір ізге келтіруді көздейді. Жаңа талап азаматтарға ғылыми негізделген әрі қауіпсіз психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бірыңғай біліктілік талаптары мен бағыттары
Стандартқа сәйкес, психологтар қызметінің негізгі міндеті ретінде балалар мен жасөспірімдерге, дамуында ерекшелігі бар жандарға және жеке өтініш білдірген азаматтарға кәсіби қолдау көрсету бекітілді. Мамандар психодиагностика, кеңес беру, психологиялық түзету және оңалту шараларын жүзеге асыра алады.
Құжатта біліктіліктің алтыншы деңгейіне жататын төрт негізгі кәсіптік бағыт нақтыланды. Олардың қатарына балалар психологы, арнайы психопедагогика бойынша психолог, жеке практикамен айналысатын маман және спорт психологы кіреді. Аталған санаттардың әрқайсысына білім деңгейі, тәжірибесі мен қолданатын әдістемелеріне сай дербес талаптар белгіленген.
Мемлекеттік тізілім және міндетті сертификаттау
Бекітілген стандарт осыған дейін қабылданған «Психологиялық қызмет туралы» заң нормаларын жүзеге асырудың маңызды тетігі саналады. Заңнамаға сәйкес, елімізде психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі жасақталуда.
Ресми тізімге енбеген адамдар өзін психолог деп атауға және азаматтарға қызмет көрсетуге құқылы болмайды. Ал 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке қабылдау жүргізетін барлық маман үшін міндетті кәсіби сертификаттау жүйесі енгізіледі.
Сонымен қатар психологтардың біліктілігін кемінде бес жылда бір рет арттырып отыруы және тәжірибелі мамандардың қадағалауымен өтетін кәсіби супервизия талаптары бекітілді.
Жаңа стандарт медициналық көмек пен құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысты арнайы салаларға қолданылмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







