Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Біріккен Араб Әмірліктерінің Судандағы дипломатиялық миссиясы басшысының резиденциясына әуе шабуылына қатысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сыртқы істер министрлігі 29 қыркүйекте Судан астанасы Хартумдағы Біріккен Араб Әмірліктері дипломатиялық миссиясы басшысының резиденциясына жасалған әуе шабуылын қатаң айыптайды.
«Дипломатиялық миссиялар мен олардың қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне жол беруге болмайды деп санаймыз. Мұндай әрекеттер 1961 жылғы Дипломатиялық қарым-қатынастар туралы Вена конвенциясының 22-бабында кепілдік берілген дипломатиялық өкілдіктерге қол сұғылмаушылық негізгі қағидасын бұзады және барлық қатысы бар тұлғалардың жауапкершілікке тартылуымен толық тергеу жүргізуді талап етеді», — деп жазылған мәлімдемеде.