Желіде «Қазақтарды қалай басқару керек» деген кітаптың ашық саудаға шығарылуы қызу пікірталас туғызды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы әлеуметтік желіде блогер әрі медиа продюсер Нұрқожа Ерсайын мәлімдеп, наразылығын білдірді.
Айтуынша, аталған кітап Алматыдағы туристер жиі аялдайтын жанармай құю бекетінің дүкенінде сатылып жатыр.
«Алматының қақ ортасында «Как управлять казахами?» деген кітап емін-еркін сатылуда. Автор 1734 жылы қазақ қоғамы жоңғар шапқыншылығынан әлсіреп, Ресейдің қоластына өте бастаған кезде осы «нұсқаулықты» жазған Иван Кириллов. Мұнда қазақ пен қырғыз руларының арасына от жағып, оларды бөлшектеу арқылы отарлау туралы ашық жазылған. Кітап мұқабасының өзінде қазақ ханының орыс офицерлері алдында бас иіп тұрған суреті бейнеленген. Бұл – ұлтты қорлау», – дейді ол.
Кітаптың сатылуына рұқсат бергендер жауапқа тартылсын
Сәулетші Елзат Мұқашев та бұл жағдайды сынап, кітаптың ашық сатылуына рұқсат бергендердің жауапкершілігін көтеру керегін айтты.
«Кітаптың сөреде тұрғанын суретке түсіріп, көпшілік әлеуметтік желіде мазақ етіп жатыр. Мұны сатуға рұқсат берген адамның бойында намыс бар ма?» – дейді ол.
Желі қолданушылары да бұл жағдайды сынға алды. Бірқатар азаматтар мұндай кітаптың сатылуына заң аясында шара қолдану қажет деген ұсыныс жасады.
«Біз де сол кездегі Мәскеу князьдерінің біздің хандарымыздың аяғына жығылып, ант беріп тұрған суретін салайық. Сонда олардың реакциясы қалай болар екен?» – деген сарындағы пікірлер де айтылды.
Желі қолданушыларының басым бөлігі «мәселе кітаптың өзінде емес, оның осындай ұнамсыз әрі арандатушы тәсілмен ашық сатылуында» деген көзқарасты алға тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

