Атырауда ескерткіштің астына қалып қайтыс болған қыздың ата-анасы әділдік іздеп жүр. Ол «тергеу дұрыс жүріп, кінәлілер жазасын алсын» дейді, — деп хабарлайды ErtenMedia «Астана» телеарнасына сілтеп.
Айдос Сабыров сол қайғылы кешті еске алған сайын қиналады. «Жеңіс» саябағына ұл-қызымен алаңсыз қыдырып шыққан отбасы өміріміз бір сәтте астан-кестен болды деп отыр.
Сол күннен кейін 8 жастағы ұлы түнімен шошып оянатын көрінеді. Өзінің омыртқасы мен қабырғасы, тізесі сынып, әрең бой көтергенін жеткізді. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс аяқталуға жақын. Адвокаттың айтуынша, монументтік өнер құрылысын орнатудың ережесі мен қағидасы талаптары орындалмаған.
«Бұл қылмыстық іске қатысты тергеу жүргізіліп, тараптар материалдармен танысып жатыр. Содан соң жинақталған іс құжаттары сотқа жолданады», — дейді Атырау облыстық ПД өкілі.
«Қылмыстық іс тек осы монументтерді орнатқан тұлғаға қатысты қозғалып, ол аяқталды. Басқа тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы бізде мәлімет жоқ. Монументтерді орнатуға ұсыныс білдірген тұлға осы монументтерді орнату туралы шешім қабылдады ма, қабылдаған жоқ па, оның ешқайсы анықталмаған», — дейді адвокат Айбар Қосымбаев.
Ескерткіш 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында орнатылған. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, батырлар мүсінін қоюға демеушілердің ұсынысы түрткі болыпты.
«Оралда жасатып, кәсіпкер демеушілер өздерінің тарапынан сондай ұсыныс беріп, сол кезде қондырған. Құзырлы органдар сол мәселеге қатысты егжей-тегжей тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр», — дейді қала әкімінің орынбасары Ержан Ермұханов.
Қазір ескерткіштер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансына өткен. Оқиғадан соң батырлар мүсініне қоршау қойыпты. Салынғанына 5 жыл болмаса да, ескерткіш астындағы тас төсемдер опырылып жатыр.