Қазақстанда ықтиярхат алудың стандартты тәртібі күрделене түскені белгілі. Бірақ ресейлік IT мамандар Astana Hub-тың Digital Nomad Residency бағдарламасына көбірек назар аудара бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жоба 2025 жылы іске қосылған және шетелдік технология мамандарына Қазақстанда ұзақ мерзімді тұруға жеңілдетілген жол ұсынуды көздейді. Astana Hub пен eGov мәліметіне қарағанда, бағдарлама арқылы үміткер алдымен Astana Hub платформасында онлайн өтінім береді, ал мақұлданғаннан кейін тұрақты тұруға рұқсат алу рәсімін eGov арқылы жалғастырады.
NewTimes.kz жариялаған материалда Ресей азаматы Екатерина Мельникова өзінің тәжірибесін бөлісті. Ол Digital Nomad Residency арқылы ықтиярхат рәсімдеуге кіріскенін айтқан. Оның сөзінше, ол Қазақстанда бір жарым жылдай тұрып келеді және дәл осы бағдарлама ВНЖ мәселесін кейінге қалдырмай шешкен. Мельникованың айтуынша, әдеттегі тәртіппен салыстырғанда бұл бағдарламада бірқатар талап икемдірек көрінген.
Ресми деректерге сүйенсек, Digital Nomad Residency ең алдымен IT саласындағы шетелдік мамандарға арналған. Өтінімге паспорт көшірмесі, түйіндеме, портфолио, мотивациялық хат, соттылығы жоқтығы туралы анықтама және фото қоса тіркеледі. Astana Hub материалдарында өтінім алдымен толықтығы жағынан тексерілетіні, кейін комиссия қарауына жіберілетіні көрсетілген. Бағдарлама аясында кәсіби біліктілік те жеке бағаланады.
Ал стандартты тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібіне келсек. eGov пен gov.kz беттерінде негізгі талап ретінде төлем қабілетін дәлелдеу және өтелмеген соттылықтың болмауы аталады. Сонымен қатар 2026 жылғы ақпанда күшіне енген пилоттық жоба аясында Қазақстанға тұрақты тұрғысы келетін иммигранттарды KazTest арқылы онлайн тестілеу қарастырылған.
Бірақ бұл тетік барлық санатқа бірдей қолданылмайды: ережеде еңбек қызметі, бизнес-иммиграция, инвесторлық, білім алу, гуманитарлық және саяси себеппен келетіндерге бұл тест тәртібі жүрмейтіні бөлек көрсетілген.
Контекст
Сондықтан қазір шетелдіктер арасында Digital Nomad Residency-ге қызығушылықтың артуы түсінікті. Бұл бағдарлама біреулер айтып жүргендей «заңды айналып өту» құралы емес, мемлекет өзі іске қосқан, цифрлық экономикаға маман тартуға арналған жеке арна.
Алайда іс жүзіндегі рәсімдеу тәртібі өңірге қарай әрқалай болуы мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр. Сол себепті мұндай құжат рәсімдеуге ниетті адам тек әлеуметтік желідегі кеңеспен шектелмей, Astana Hub пен көші-қон органдарынан ресми түсіндіру алып, нақты тәртіпті алдын ала тексеріп алғаны жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







