2026 жылғы 1 маусымнан бастап Ресей Федерациясында ЕАЭО елдерінен автомобиль көлігімен әкелінетін өнімдерге қатысты Тауарларды күтуді растаудың ресейлік жүйесін, яғни СПОТ-ты енгізу жоспарланып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір аталған жүйе ерікті негізде тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Ресей тарапының мәліметінше, СПОТ тауар жеткізілімін алдын ала растауға, өзара сауданың ашықтығын арттыруға, тауар айналымының заңдылығын бақылауға және жанама салықтарды әкімшілендіруге бағытталған.
Жаңа тәртіп бойынша ресейлік импорттаушы тауардың алдағы жеткізілімі туралы құжатты алдын ала рәсімдеуі керек. Сонымен қатар кепілдік төлем енгізіп, жеткізілімнің заңдылығын растайтын QR-код алуы тиіс.
Құжат Ресей аумағына тауар кіргізілгенге дейін кемінде екі күн бұрын рәсімделеді. Барлық рәсім аяқталғаннан кейін QR-код қалыптастырылады. Шекарадағы немесе бақылау органдары осы код арқылы жеткізілім туралы мәліметті тексереді.
СПОТ жүйесі импорттаушыларға, тасымалдаушыларға, экспедиторларға, делдалдарға және автомобильмен жүк тасымалдайтын жүргізушілерге қатысты қолданылады. Дегенмен жүйе кей тауар санаттарына жүрмейді. Олардың қатарында мұнай және мұнай өнімдері, электр энергиясы, жеке пайдалануға арналған тауарлар және транзиттік жүктер бар.
Қазақстандық экспорттаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар жаңа талаптарға алдын ала дайындалуы қажет. Ең алдымен құжатты уақытылы рәсімдеу, ресейлік серіктестермен нақты келісу, логистикалық процесті жаңа тәртіпке бейімдеу және нормативтік өзгерістерді тұрақты бақылау маңызды.
Алдын ала рәсімделген QR-код болмаса, жүктің шекарадан өту мерзімі ұзаруы мүмкін. Мұндай жағдай логистикаға, жеткізу кестесіне және бизнес шығынына әсер етеді.
СПОТ жүйесін енгізу мәселесі «Атамекен» ҰКП алаңында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен талқыланып жатыр. Ұлттық палата жаңа жүйенің бизнес-процестерге және ЕАЭО аясындағы өзара саудаға ықпалын зерделеуді жалғастырып, кәсіпкерлерден ұсыныс пен кері байланыс жинауда.
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі жоғары екенін ескерсек, жаңа тәртіп көптеген компанияға тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан бизнес үшін басты міндет – талапты соңғы сәтте емес, алдын ала түсініп, құжат пен логистиканы жаңа жүйеге бейімдеу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







