Шымкентте «Жастар ресурстық орталығының» басшысы әлеуметтік желідегі жазбаларға лайк баспағандарды жазалағаны туралы ақпарат тарады. Мәселеге жауаптылар пікір білдіріп, «істі сабырмен шешуге болар еді» деп жауап қатыпты, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Даудың басы
Бұл жайлы желіде журналист Диас Нұрақын жазды. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері әлеуметтік желілерде басшылықтың әрекетіне шағымданған.
«Шымкенттегі “Жастар ресурстық орталығының” басшысы әлеуметтік желідегі “акиматовский” жазбаларға лайк баспаған қызметкерлерін жаппай жазалай бастапты. Тіпті лүпіл қоймағандарды тізімдеп, жиналыста жұрттың көзінше масқаралайтын көрінеді. Жиналысқа салғаны былай тұрсын, бұйрық шығарып ресми түрде “ескерту” жасалыпты», — деді журналист.
Жауаптылардың пікірі
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысы Әйгерім Жұмағалова бұл жайтқа әлеуметтік желіде пікір білдіріпті. Оның сөзінше, бүгін таңертең осы жағдайға қатысы бар қызметкерлермен кездескен.
«Бұл – жұмыс барысында туындаған ішкі мәселе. Мұндай жағдайларды әдетте жұмыс тәртібімен, сабырмен шешуге болар еді. Бірақ, өкінішке орай, қазір тренд басқа – алдымен әлеуметтік желіде шу көтеріп, кейін барып мәселені талқылау. Онымен қоса, көп жағдайда кім бірінші айқайласа, сол адамдікі «дұрыс» болып шығады. Алайда практикада бәрі олай бола бермейді. Бұл әрекеттердің жасалу мақсаты түсінікті. Бірақ біз арандатуға ермейміз», — дейді ол.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде осы мәселені көтерген көпшілікке үн қатыпты.
«Мені таңғалдырғаны – неге қазір блогерлер немесе әлеуметтік желі арқылы ғана жүгіну «дәстүрге» айналып бара жатыр? «Қоғам талап етуде» деген сылтауды қосады. Мен үнемі байланыстамын. Әсіресе, жастар мен әйелдерге қатысты мәселе болса, ешқашан шет қалған емеспін. Сондықтан мұндай «шоуды» жасаудың не қажеті бар?» — дейді Шымкент әкімдігі өкілі.
Ал дауға қалған орталық басшысына шара қолданылмақ.
«Бұл жағдай бойынша Жастар ресурстық орталығының басшысы шектен шыққаны белгілі. Қызметкерлерді лайк (лүпіл) басуға мәжбүрлеу – дұрыс емес. Егер шынымен әлеуметтік желідегі белсенділік маңызды болса, басымдықты жақсы контент жасауға бағыттаған жөн. Сонда лайк (лүпіл) та, қолдау да өздігінен келеді. Осыған байланысты Орталық басшысына тәртіптік шара қолдану туралы шешім қабылданды», — деді ол.