Қазақстанда кәсіпкерлер сатып алушылардан төлемді тек қолма-қол ақшамен қабылдауды талап ете алмайды. Қолма-қол ақша, банк картасы және QR арқылы төлеу заңмен рұқсат етілген төлем тәсілдері саналады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Егер сатушы немесе қызмет көрсетуші ұйым карта немесе QR төлемін қабылдаудан бас тартса, бұл тұтынушы құқығын бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес кәсіпкерлер заңды төлем құралдарының барлығын қабылдауға міндетті. Бұл талап шағын дүкендерге, дәмханаларға, мейрамханаларға, сауда нүктелеріне және қызмет көрсету орындарының барлығына қатысты.
Мұндай заңбұзушылық алғаш рет анықталған жағдайда кәсіпкерге ескерту беріледі. Ал қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Айыппұл көлемі кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты белгіленеді. Шағын бизнес үшін айыппұл 173 мың теңге, орта бизнес үшін 259,5 мың теңге, ал ірі бизнес үшін 432,5 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Көлеңкелі айналымға қарсы қадам
Мамандардың айтуынша, бұл талаптың басты мақсаты – тұтынушылардың таңдау құқығын қорғау және көлеңкелі айналымды азайту.
Егер сатып алушыдан тек қолма-қол ақша талап етілсе немесе карта мен QR арқылы төлем қабылдаудан бас тартылса, ол мұндай әрекетке шағымдана алады.
Шағымды eOtinish қосымшасы арқылы немесе Мемлекеттік кірістер департаментінің аумақтық бөлімшесіне жолдауға болады.
Өтінішке мүмкіндігінше дәлелдемелер тіркеу ұсынылады. Фото, бейнежазба, чек немесе хат алмасу скриншоттары құқық бұзушылықты растауға көмектеседі.
Сарапшылардың пікірінше, қолма-қол ақшамен ғана есеп айырысуды талап ету кейбір кәсіпкерлер үшін әдеттегі тәжірибе болып көрінгенімен, заң тұрғысынан бұл төлем жасаудың басқа заңды тәсілдерін шектеу болып есептеледі.
Сондықтан тұтынушы карта немесе QR арқылы төлем жасағысы келсе және техникалық мүмкіндік бар болса, сатушы мұндай төлемді қабылдауға міндетті. Ал заңсыз бас тарту фактісі тіркелген жағдайда азаматтардың шағымдануға толық құқығы бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







