«Terrain ahead. Pull up!» («Алдыңызда жер бедері. Дереу көтеріліңіз!») — бұл қатаң бұйрық әдетте апат туралы фильмдерде немесе ұшу тренажерлерінде ғана естілуі тиіс. Алайда қазіргі уақытта азаматтық әуе кемелерінің ұшқыштары мұндай үрейлі жалған дабылдармен нақты рейстерде жиі бетпе-бет келе бастады. Қақтығыс аймақтарынан тарайтын электронды кедергілер мен жалған спутниктік сигналдар азаматтық ұшақтардың навигациясын шатастырып, ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күн сайын 900 рейс зардап шегеді
Әскери қақтығыстар жүріп жатқан Таяу Шығыс, Балтық теңізі және Қара теңіз маңындағы әуе кеңістігінде жаһандық навигациялық жүйелердің (GNSS) жұмысына кедергі келтіру әдеттегі құбылысқа айналды. 2024 жылдан бері осы бағыттағы оқиғаларды бақылап келе жатқан сарапшы Бенуа Фигенің дерегінше, қазір жер жүзінде тәулігіне шамамен 900 коммерциялық рейс GPS сигналдарының тұншығуына (jamming) немесе жалған сигналмен ауыстырылуына (spoofing) тап болады.
Спутниктен Жерге 20 мың шақырымнан аса қашықтықтан жететін радиосигналдар өте әлсіз болып келеді. Әскери күштер ұшқышсыз аппараттар мен зымырандардан қорғану мақсатында қуатты радиокедергілерді қолданған кезде, бұл әсер аймақтан ұшып өтіп бара жатқан азаматтық ұшақтарды да қамтиды. Ұшақтың жерге жақындауын ескертетін автоматты жүйесі жалған дерекке алданып, кеме қауіпсіз биіктікте келе жатса да, төтенше дабыл қағады.
Халықаралық әуе желілері ұшқыштары қауымдастықтары федерациясының (IFALPA) президенті Рон Хэй мұндай жалған дабылдардың жиілеуі ұшқыштардың сақтығын бәсеңдететінін айтып, мәселе көтерді.
«Әріптес ұшқыштарымның мұндай кедергілермен күнделікті бетпе-бет келіп жүргенін білемін. Ең қауіптісі де осы — бұл қауіпті жағдай қалыпты нәрседей қабылдана бастады», – деді Рон Хэй.
Экрандағы «ертегі» мен жүйелер тізбегінің шатасуы
АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) дерегінше, электронды шабуылдар салдарынан навигациялық карталар кенеттен бірнеше мильге жылжып кетеді. Тіпті ұшақ ұшу-қону жолағында қозғалыссыз тұрғанда да, аспаптар оны мүлдем басқа нүктеде көрсетуі мүмкін. Кабинадағы цифрлық дисплейлер «ертегіге айнала бастады» дейді атын атамаған коммерциялық пилоттардың бірі.
Заманауи әуе кемелерінде көптеген құрылғылар GPS жүйесімен тығыз интеграцияланған. Сондықтан бір ғана жалған сигнал борттық сағатты, ауа райы радарын, жанармай шығынын есептейтін жүйелерді және тіпті жолаушылардың Wi-Fi желісін де бірдей шатастырады. Ұшқыштар жалған дабылдардың үнін өшіру үшін жер бедерін бақылау жүйесін қолмен өшіруге, ал навигация үшін жердегі ескі радиомаяктарға сүйенуге мәжбүр болып отыр.
FAA сарапшылары спутниктік сигналдардың бұрмалануы ұшу қауіпсіздігіне жүйелі соққы беретінін атап өтті.
«Навигациялық жүйелерге араласу кабинадағы қауіпсіздік құралдарына деген сенімсіздікті күшейтеді. Ал мұндай сенім бір рет жоғалса, оны қайта қалпына келтіру өте қиын», – делінген FAA есебінде.
Әуе саласы қандай амал жасауда?
Қалыптасқан жағдай әуе компанияларын маршруттарды ұзартуға және жанармайды артық жұмсауға мәжбүр етуде. Мәселен, Финляндияның көлік агенттігі Traficom биылғы екі айдың ішінде ғана ұшқыштардан GPS кедергілеріне қатысты 421 шағым түскенін хабарлады. Бұл өткен жылғы жалпы көрсеткіштің едәуір бөлігін құрайды.
Осы мәселеге байланысты Еуропалық Одаққа мүше 13 мемлекет шұғыл шара қабылдауға шақырған болатын. Нәтижесінде диспетчерлер мен ұшқыштар арасындағы арнайы байланыс ережелерін стандарттауды және әскери органдармен ақпарат алмасуды көздейтін арнайы еуропалық іс-қимыл жоспары әзірленді. Сонымен қатар Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) кедергілерге төзімді жаңа спутниктік желілерді сынақтан өткізе бастады. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, жаңа жүйелер азаматтық ұшақтарға толық енгізілгенге дейін экипаждар мен диспетчерлерге жүктеме бұрынғыдан да жоғары болып қалмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







