Бір кездері Жерге құлау қаупі жоғары деп танылған 2024 YR4 астероидының бағыты өзгерген соң, астрономдар назарын оның Аймен соқтығысу мүмкіндігіне аударды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2024 жылдың желтоқсанында алғаш байқалған диаметрі шамамен 60 метр болатын ғарыш тасы алғашында Жерге 3,1 пайыздық ықтималдықпен құлауы мүмкін деп бағаланған еді. Кейінгі обсерваториялық бақылаулар біздің планетамызға төнген қауіптің нөлге тең екенін көрсетті. Алайда нақтыланған траектория астероидтың 2032 жылдың желтоқсанында Айға соғылу ықтималдығы 4,3 пайыз шамасында екенін көрсетіп, ғалымдарды осындай апаттың салдарын зерттеуге кірісуге мәжбүр етті.
Айдағы соңғы бес мың жылдағы ең ірі соққы
Ғалымдардың есептеуінше, егер көлемі үлкен ғимаратпен тең астероид Ай бетіне құласа, шамамен 6,5 мегатонна тротил баламасында қуатты жарылыс болады. Оқиға салдарынан Ай бетінде ені бір шақырымға жететін үлкен кратер түзіледі. Астрономдар мұндай ауқымды соқтығысу Ай тарихында соңғы бес мың жыл ішінде болмағанын айтады.
Соқтығысу кезінде Жер бетінен жай көзбен көруге болатын жарық жарқыл бірнеше секундқа созылады. Сонымен қатар жарылыс нәтижесінде 100 миллион килограмға дейін тау жынысы мен тозаң ғарыш кеңістігіне ұшып шығады. Айдың атмосферасы болмағандықтан, ұсақ сынықтар жан-жаққа кедергісіз шашырап, Ай бетіндегі инфрақұрылымдар мен зерттеу станцияларына айтарлықтай қатер төндіруі мүмкін.
Канададағы Батыс университетінің физика және астрономия профессоры Пол Вигерт өз зерттеуінде ғарыштық қауіпсіздікке кеңірек қарау қажеттігін мәлімдеді.
«Біздің қазір Жерден тыс, қорғауға тұрарлық маңызды нысандарымыз бар. Сондықтан планеталық қорғаныс көзқарасымыз Ай кеңістігін де қамтуы керек», – деп атап өтті астроном Пол Вигерт.
Жер орбитасындағы спутниктерге төнетін қауіп
Астероидтың Айға тиюі Жердегі қарапайым тұрғындардың өміріне тікелей қауіп төндірмейді. Себебі пайда болатын ұсақ бөлшектер Жер атмосферасына жеткенде бірден жанып кетіп, аспанда өте жарық әрі әсерлі метеор жауыны ретінде ғана байқалады.
Дегенмен орбитадағы серіктер үшін жағдай әлдеқайда күрделірек болуы мүмкін. Өлшемі құм түйіршігіндей ғана бөлшектер аса жоғары жылдамдықпен ұшып келіп, байланыс пен навигацияға жауап беретін жер маңындағы техникаларды зақымдауы ықтимал. Есептеулерге қарағанда, мұндай оқиға кезінде спутниктер бірнеше күннің ішінде он жылға тең метеориттік соққыға тап болады.
«Жер бетіндегі адамдарға ешқандай қауіп жоқ, үлкен тастардың бізге құлауын күтпейміз. Бірақ оқтан да жүйрік ұшқан бөлшектер спутниктерді зақымдауы мүмкін», – деп түсіндірді профессор Пол Вигерт.
Планеталық қорғаныстың жаңа дәуірі
Бұған дейін әлемдік астрономиялық ұйымдар қауіпті нысандарды тіркегенде тек Жердің амандығын басты орынға қоятын. 2024 YR4 астероиды төңірегіндегі талқылаулар адамзаттың Айды игеру бағдарламалары мен ғарыштық инфрақұрылымдарды да қауіпсіздік тұжырымдамасына енгізу қажеттігін көрсетті.
Кейінірек «Джеймс Уэбб» ғарыш телескопы арқылы жасалған нақтылаулар 2024 YR4 нысанының нақты траекториясын анықтауға мүмкіндік берді. Жаңа деректер бойынша, астероид 2032 жылы Айдың қасынан 20 мыңнан астам шақырым қашықтықта қауіпсіз өтіп кетеді. Дегенмен ғалымдар аталған оқиғаны болашақ ғарыш миссияларын қорғау тетіктерін пысықтау үшін маңызды ғылыми сабақ ретінде бағалап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







