Кезінде Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған DoubleTree by Hilton Almaty қонақүй кешені жекешелендіруге шығарылды. Алматыдағы 11 қабатты нысан электронды аукцион арқылы кемінде 12,76 млрд теңгеге сатылмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қонақүй заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару аясында мемлекеттік меншікке өткен еді. Енді оны Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті саудаға қойып отыр.
Аукцион 2026 жылғы 25 қыркүйекте сағат 10:00-де өтеді. Сауда бастапқы бағаны көтеру әдісімен ұйымдастырылады. Өтінім қабылдау аукцион басталғанға дейін бес минут бұрын тоқтатылады.
Қонақүйдің бастапқы бағасы 12 млрд 759 млн 410 мың теңге немесе шамамен 28 млн доллар болып белгіленген. Саудаға қатысу үшін 1,91 млрд теңгеден астам кепілдік жарна төлеу қажет.
112 бөлмесі, бассейні мен SPA кешені бар
DoubleTree by Hilton Almaty Алматының Алмалы ауданында, Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында, Орталық стадионға жақын жерде орналасқан.
Жалпы ауданы 16 196,4 шаршы метр болатын кешенде 112 қонақүй бөлмесі бар. Нысан құрамына мейрамхана, SPA аймағы, жабық бассейн, хаммам, фитнес орталығы және үлкен банкет залы кіреді.
Қонақүйдің нарықтық құнын 2026 жылғы тамызда «Активтерді бағалау орталығы» ЖШС анықтаған. Бағалау қорытындысы бойынша нысанның құны 12,76 млрд теңгені құрады.
Ал бухгалтерлік құжаттарда ғимараттың баланстық құны 4,78 млрд теңге деп көрсетілген. Демек аукциондағы бастапқы баға баланстық құнынан шамамен 2,7 есе жоғары.
Hilton атауы жаңа иесіне берілмейді
Аукционда қонақүй бизнесі толық күйінде емес, тек жылжымайтын мүлік нысаны сатылады. Ғимарат ішіндегі жиһаз, интерьер заттары мен өзге де жылжымалы мүлік лотқа кірмейді.
Сатып алушыға DoubleTree by Hilton брендін, тауар белгілерін және коммерциялық атауын пайдалану құқығы берілмейді. Қолданыстағы франчайзинг шарты да жекешелендіру нысанына енгізілмеген.
Сондықтан болашақ иесі ғимаратты алғанымен, қонақүйді бұрынғы атауымен автоматты түрде жалғастыра алмайды. Hilton желісімен жұмыс істеу үшін бөлек келісім қажет болуы мүмкін.
Жер теліміне Алматы қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына тиесілі «Су желісі» сервитуты қойылған. Яғни аумақтың белгілі бір бөлігіне су жүйесін пайдалану мен қызмет көрсетуге байланысты шектеу бар.
Мемлекетке 2023 жылы өткен
Қонақүй кешені мемлекет меншігіне 2023 жылдың жазында берілген. Қайрат Сатыбалдымен байланысты кәсіпорын нысанды 2021 жылдың соңында сатып алған еді. Сол кезде құрылыс салушылар тарапынан рейдерлік қысым туралы мәлімдемелер де айтылған.
DoubleTree by Hilton Almaty Сатыбалдыдан қайтарылған әрі кейін сатылымға шығарылған жалғыз актив емес.
Қыркүйектің басында Алматы барахолкасындағы ірі «Байсат» базары 24,8 млрд теңгеге сатылды. Нысанды Қазақстандағы ERG бөлімшесінің басшысы Құдрат Шәмиевпен байланысты құрылым сатып алған.
Есентай өзенінің жағасындағы құрылысы аяқталмаған қонақүйді Алматы әкімдігі бұзбай, жеке инвестиция есебінен қалалық IT-хабқа айналдыруды жоспарлап отыр. Онда жасанды интеллект пен креативті индустрия жобалары орналастырылмақ.
Бұған дейін Kaisar Plaza және Kaisar Towers сауда-кеңсе орталықтары да бірнеше рет аукционға қойылған еді.
Қайрат Сатыбалды кінәні мойындау туралы процестік келісім аясында мемлекетке жалпы құны 732,8 млрд теңгеден асатын активтер мен қаражатты қайтарды. Олардың қатарында телекоммуникациялық компаниялардың акциялары, коммерциялық жылжымайтын мүлік және қымбат автокөліктер бар.
2024 жылғы тамызда сот Сатыбалдының алты жылдық жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







