Үйге күн панелін орнатқысы келетіндер үшін 20 пайыз ережесі маңызды бағдар саналады. Бұл ереженің мәні қарапайым, күн электр жүйесі үйдің орташа айлық тұтынуынан шамамен 20 пайыз артық энергия өндіре алатындай есептелуі керек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мысалы, бір отбасы айына орта есеппен 1000 кВт/сағ электр энергиясын тұтынса, күн станциясының қуаты кемінде 1200 кВт/сағ өндіруге лайықталғаны дұрыс. Қосымша 200 кВт/сағ ауа райының құбылуы, қысқы қысқа күндер, бұлтты кезеңдер немесе тұтынудың күтпеген өсуі кезінде қорғаныс қоры қызметін атқарады.
Күн энергиясы тұрақты әрі бірқалыпты өндірілетін ресурсқа жатпайды. Қыста күн қысқарады, кей аймақта бұлт жиілейді, панельдердің өнімділігі төмендейді. Жаз тым ыстық болса, кондиционер көп қосылады. Қыс қатты болса, жылыту жүйесіне түсетін жүктеме артады.
Оның үстіне күн панельдері уақыт өте келе бастапқы тиімділігін біртіндеп жоғалтады. Сондықтан қуатты дәл қазіргі тұтынуға ғана байлап қою ертең тапшылық тудыруы мүмкін.
Есептеу үшін алдымен соңғы айлардағы емес, бірнеше жылдағы электр төлемдерін қарап шыққан жөн. Ең дұрыс тәсіл – ең көп тұтынған алты айды алып, орташа көрсеткіш шығару. Сол санды 1,2-ге көбейтсе, күн станциясы қандай көлемде энергия өндіруі керек екені шамамен белгілі болады.
Алайда бұл нәтиже нақты панель санына бірден тең келмейді. Қанша панель қажет болатыны олардың қуатына, шатырдың аумағына, күнге қараған бағытына, көлеңке түсуіне және аймақтың табиғи жарық деңгейіне байланысты. Оңтүстікке қараған, көлеңкесі аз, ашық шатырда панель тиімдірек жұмыс істейді. Ал үй бұлтты өңірде немесе шатырдың бір бөлігі көлеңкеде тұрса, қосымша қуат қоры көбірек қажет болуы мүмкін.
20 пайыз ережесі барлық үйге бірдей қатып қалған өлшем ретінде қаралмайды. Алдағы жылдары отбасы мүшесі көбейсе, электр көлігі сатып алынса немесе үйге жаңа техника қосылса, тұтыну да өседі. Мұндай жоспарлар күн станциясын есептеген кезде алдын ала ескерілуі тиіс.
Кей елдерде артық өндірілген электр энергиясын жалпы желіге сатып, шығынды өтеуге болады. Ондай мүмкіндік бар жерде 20 пайыздық артық қуат тек сақтық қоры емес, ұзақ мерзімді экономикалық пайда көзіне айналады. Ал мұндай жүйе болмаған жағдайда артық қуатты аккумуляторда сақтау немесе үй ішіндегі қосымша құрылғыларға пайдалану тиімді.
Сондықтан күн панелін орнату тек шатырға бірнеше модуль қоюдан тұрмайды. Ол – тұтынуды талдау, ауа райын ескеру, болашақ шығынды болжау және үйдің энергетикалық әдетін дұрыс жоспарлау. 20 пайыз ережесі осы есептің бастапқы нүктесі ретінде пайдалы. Дәл есептелген жүйе ғана жарыққа кететін шығынды азайтып, үйді таза әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







