Олимпиада чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жеңісінен кейін жалақы алмай жүргенін айтып, спорт қоғамында қызу талқы тудырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Спортшы YouTube-тағы подкастта Олимпиададағы тарихи жеңісінен кейін келесі маусымға қалай дайындалатынын түсінбей отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаттығу жиындары, жаңа бағдарлама қою мерзімдері алдын ала жоспарланғанымен, қаржыландыру жағы әлі анық емес. Шайдоров ақпаннан бастап дәрігерлік қолдаудан да айырылғанын айтты.
«Маған қазір келесі маусымға дайындалу керек. Жиындар жоспарланған, бағдарлама қоятын күндер де белгіленген. Бірақ біз бірнеше рет сұрадық, бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқа нәрсе айтады. Маған жағдай түсініксіз. Ал 1 ақпаннан бастап дәрігерімді алып тастады. Бұл мен үшін оғаш», деді спортшы.
Шайдоров бұған дейін өзінің жалақысы жарияланғанын да құрметсіздік деп бағалады. Оның ойынша, сол арқылы өзінің, отбасының және әкесінің еңбегін төмендеткісі келгендей әсер қалдырған.
Осы мәлімдемеден кейін Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісім бойынша толық төленген. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған.
Дирекция жаңа келісімшартта спортшының жоғары мәртебесін ескеретін, бұрынғыдан жақсартылған қаржыландыру шарттары қарастырылатынын мәлімдеді. Қазір тараптар құжаттың заңдық тұстарын өзара келісіп жатыр. Төлемдер жаңа шарт жасалғаннан кейін қайта басталады.
Министрлік спортшының Олимпиададағы тарихи жеңісі үшін мемлекет тарапынан барлық міндеттеме орындалатынын да атап өтті. Михаил Шайдоровқа алтын медаль үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер және өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем беріледі.
Мұздағы жеңіс, кабинеттегі кідіріс
Айта кетейік, Михаил Шайдоров Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында 291,58 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алды. Ол – Алматының тумасы. Спортшыны Олимпиада чемпионы Алексей Урманов жаттықтырады.
Бұған дейін Қазақстан мәнерлеп сырғанауы тарихындағы жалғыз Олимпиада медалін Денис Тен 2014 жылы Сочи ойындарында алған еді. Шайдоровтың жеңісі осы спорт түрі үшін жаңа тарихи белес болды.
Ақпан айында Минспорт спортшының дайындығына жұмсалған қаражат туралы есеп жариялаған. Ведомство дерегінше, Шайдоровтың бір жылдық жалақысы 33,9 млн теңге, жеке бапкері Алексей Урмановтың жалақысы 26 млн теңгеден астам, хореограф Иван Регинидің еңбекақысы шамамен 23 млн теңге болған. Жалпы дайындыққа 263,4 млн теңге жұмсалған.
Қазір басты мәселе – чемпионның келесі маусымға алаңсыз дайындалуы. Олимпиада алтыны – бір күндік жеңіс емес, көп жылдық еңбек пен жүйелі қолдаудың нәтижесі. Сондықтан мұндай деңгейдегі спортшыға қатысты қаржыландыру мен медициналық сүйемелдеу мәселесі ұзаққа созылмай, ашық әрі нақты шешілуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







