Полиция 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тағы үш адамды ұстады. Бұл туралы Алматы облысының прокуроры Берік Адамов мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұрын жеті адам ұсталғаны хабарланған еді. Енді ұсталғандардың саны 10 екені белгілі болды.
«Бұл іс бойынша 10 адам күдікті деп танылды. Тағы екеуі қылмыстық қудалау орбитасында, бірақ олар — қорғану құқығы бар куәгер», — деді Берік Адамов брифингте.
Кісі өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске салайық, бұған дейін Талғардағы оқиға салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
«Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Оның екеуі ас үй пышағы. Сондай-ақ бір мылтық бар. Қару ешқайда тіркелмеген. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр», — дейді Серік Шалқаров.