Қазақстанда шілде айында аптап ыстық күшейіп, кей өңірлерде ауа температурасы +50 градусқа дейін жетуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2026 жылғы шілде айына арналған консультациялық ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, шілде Қазақстанда жылдың ең ыстық айы болып қала береді.
Елдің солтүстік және шығыс өңірлерінде орташа ауа температурасы +18…+23 градус шамасында болады. Ал оңтүстік аймақтарда орташа температура +28…+30 градусқа дейін көтеріледі.
Жекелеген күндері солтүстік пен шығыста қатты ыстық күтіледі. Бұл өңірлерде ауа температурасы +42…+43 градусқа дейін жетуі мүмкін. Орталық, батыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда сынап бағанасы +47…+48 градусқа дейін көтеріледі. Ал елдің оңтүстігінде аптап ыстық +50 градусқа дейін баруы ықтимал.
Синоптиктер шілдеде қысқа мерзімді салқындау кезеңдері де болатынын ескертті. Солтүстік және шығыс облыстарда кей түндері ауа температурасы +5 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Қазақстанның солтүстігінде шілде жылдың ең жауын-шашынды айы саналады. Бұл өңірлерде жаңбыр жиі найзағаймен қатар жүреді. Кей аймақта нөсер жаууы ықтимал. Жекелеген аудандарда бір тәулікте бір айлық жауын-шашын мөлшеріне тең немесе одан да көп жаңбыр түсуі мүмкін.
Найзағай белсенділігі әсіресе солтүстік, шығыс және таулы өңірлерде жоғары болады. Оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда бұршақ жауу қаупі бар.
Мамандар тұрғындарға аптап ыстық кезінде сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Күннің ең ыстық уақытында далада ұзақ жүрмей, су ішу режимін сақтау қажет. Ал нөсер, найзағай және бұршақ болжанған күндері жолға шыққанда ауа райы туралы ескертулерді алдын ала тексерген дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







