Қазақстанда елді мекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары бекітілді. Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен бекітілген құжат қала мен ауыл аумақтарын күтіп ұстауға қатысты ортақ тәртіпті айқындайды.
Жаңа қағидалар тұрғындарға, бизнеске, ПИК пен ОСИ-ге, дүкендерге, дәмханаларға, құрылыс ұйымдарына және жеке үй иелеріне қосымша міндет жүктейді.
Құжатта ауладағы көлік тұрағы, қоқыс шығару, қар мен мұз тазалау, үй жануарларын серуендету, сыртқы жарық, жарнама орналастыру және іргелес аумақтың жай-күйі нақты көрсетілген.
Ең көзге түсетін өзгерістердің бірі көлік тұрағына қатысты. Енді көлікті көгалға, балалар алаңына, тротуарға және қоқыс контейнерлері орналасқан аумаққа қоюға тыйым салынады.
Аула енді бақылаусыз қалмайды
Тұрғындарға ауладағы тұрақ орындарын өз бетінше бөліп алып, баған, бетон блок немесе басқа да қоршау орнатуға болмайды. Сонымен қатар көліктердің жасыл аймаққа кіріп кетпеуі үшін арнайы физикалық бөгеттер қою ұсынылады.
Жаңа қағидаларда үй жануарлары иелерінің жауапкершілігі де күшейтілген. Ит серуендететін азаматтар үй жануарынан кейін аумақты өздері тазалауға міндетті.
Әкімдіктерге ит серуендетуге арналған арнайы алаңдар жасау ұсынылған. Ондай жерлерде қоқыс жәшігі, ақпараттық белгі және қажетті абаттандыру элементтері болуы керек.
Дүкен, дәмхана, жанармай құю бекеті, дүңгіршек және жеке үй иелері де өз нысанының айналасын таза ұстауға міндеттеледі. Олар іргелес аумақтағы қоқысты, қарды, мұзды тазалап, қасбет, маңдайша, қоқыс жәшігі және контейнер алаңының жай-күйін бақылауы қажет.
Жеке үй иелеріне қатысты бөлек талаптар бар. Енді учаске маңында құрылыс материалы, қоқыс, көң, тіркеме және басқа да заттарды ретсіз сақтауға болмайды. Аумақты арамшөп басуына да жол берілмеуі керек.
Хабарландыру мен жарнама жапсыру тәртібі де қатаңдайды. Бағанға, аялдамаға, ғимарат қасбетіне, ағашқа, қоршауға және жарық тіректеріне хабарландыру ілуге тыйым салынады.
Жарнама мен хабарландыру тек арнайы белгіленген орындарға ғана орналастырылады.
Қала қауіпсіздігіне қатысты талаптар да нақтыланды. Инженерлік желі иелері ашық люк немесе зақымданған құдық анықталған жағдайда оны бір сағат ішінде қоршауға міндетті.
Сыртқы жарыққа да бақылау күшейеді. Елді мекендерде істемей тұрған шамдардың үлесі жалпы шам санының 10 пайызынан аспауы тиіс.
Құрылыс алаңдарына қатысты да жеке шектеулер енгізіледі. Мердігерлер құрылыс аумағы мен оған жақын жолдардың тазалығын сақтауы керек. Құрылыс алаңы міндетті түрде қоршалады.
Көше тазалығы ортақ міндетке айналды
Құрылыс қалдығы мен топырақты қорғаныш жабынсыз тасымалдауға тыйым салынады. Жұмыс аяқталған соң мердігер бұзылған асфальт пен абаттандыру элементтерін қалпына келтіруге міндетті.
Қараусыз қалған құрылыс алаңдары да назардан тыс қалмайды. Мұндай нысандар декоративті баннермен немесе құрылыс торымен жабылуы керек.
Жаңа қағидалардың мақсаты, елді мекендердің тазалығын сақтау, қоғамдық кеңістікті реттеу және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру.
Енді аула, көше, дүкен маңы, құрылыс алаңы немесе жеке үй айналасы тек әкімдіктің ғана жауапкершілігі саналмайды. Әр меншік иесі мен әр тұрғын өз аумағына жауап береді.
Осылайша, 1 шілдеден бастап абаттандыруға қатысты талаптар бүкіл Қазақстан бойынша бірыңғай тәртіппен қолданылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







