Қазақстанның 20 өңірінде бір мезгілде жасанды интеллектке арналған «Decentrathon 4.0» хакатоны өтіп жатыр,деп жазады Ertenmedia.kz.
IT саласына қызығатын талапты жастардың басын қосқан ауқымды сайыс Shymkent Hub алаңында да жалғасуда. Мұнда дарынды қатысушылар өз білімін сынап, жаңа технологиялық шешім ұсынуға кіріскен.
Shymkent Hub-тың аймақтық менеджері Құрманғазы Мұратовтың айтуынша, кезекті хакатонға 171 команда қатысып жатыр. Қатысушылар жасанды интеллект пен блокчейн бағыттары бойынша тапсырма орындап, жаңа жоба әзірлеуі керек. Негізгі міндет – өзекті мәселеге тың шешім тауып, инновациялық идеяны нақты өнімге айналдыру.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 50 мың АҚШ долларын құрайды. Осындай алаңдар жас мамандардың тәжірибесін шыңдап қана қоймай, технологиялық ортадағы бәсекені де күшейтеді.
Айта кету керек, бұған дейін Шымкентте Орталық Азияда алғаш рет әлемдік блокчейн индустриясындағы ең ірі хакатондардың бірі – Decentrathon 2 өткен еді. Содан бері қалалық цифрландыру басқармасының қолдауымен түрлі форум мен технологиялық іс-шара ұйымдастырылып келеді. Кезекті хакатон да осы бағыттағы жұмысты жалғап, Шымкенттегі IT саласының дамуына жаңа серпін бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







