Жоғары аудиторлық палата «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ және оның өңірлік филиалдарының 2022-2023 жылдарға арналған жұмысынан заңбұзушылықтарды анықтады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Жоғары аудиторлық палата деректеріне сілтеп.
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ және оның өңірлік филиалдарының 2022-2023 жылдардағы тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Расул Рахимовтың айтуынша, салаға жүргізілген екінші аудит 3,8 триллион теңге қаражат пен активтерді қамтыды. 13 ұйымға тексеріс жүргізілді.
«Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) 16,2 миллион адам кіреді. Бұл ретте 12 миллион адам жарналарын мемлекет төлейтін жеңілдікті санаттарға жатады. Оған қоса 2 миллион жуық мемлекеттік қызметші, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері бар. Нәтижесінде жеке шығындарды (ақылы медицинаны) есептемегенде мемлекетке түсетін қаржылық жүктеме — кем дегенде 76 пайыз. Осыған байланысты аудиттің негізгі қорытындыларының бірі — МӘМС енгізілгеніне қарамастан, азаматтардың ортақ жауапкершілігі есебінен мемлекетке түсетін жүктеме әлі де айтарлықтай төмендеген жоқ», — деп жазылған мәліметте.
Аудит жүргізілетін кезеңде кепілдендірілген және нысаналы трансферттер шеңберінде 50 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінген. Алайда 13 млрд теңге немесе 26 пайызы игерілмеген.
«Қор медициналық қызметтердің сапасын бақылауға тиісті назар аудармайды. Мәселен, Астана бойынша МӘМС шеңберінде екі ірі қызмет көрсетушіге бақылау жүргізілді, оларға жиынтығында 179 мың адам бекітілген. Нәтижесінде оларда жеке орындары мен медициналық жабдықтар жоқтығы, оларды сағатына жалға алатыны анықталды. Бұл қызмет көрсетуші ЖШС-лардың бірқатар клиникасында жекелеген қызмет түрлеріне лицензиялары және өздігінен қозғала алмайтын азаматтарды қабылдауға арналған пандустары жоқ.
Сонымен қатар, аудит барысында бірлесіп қызмет көрсетушілер тарапынан ӘМСҚ есебінен және азаматтардың өз есебінен медициналық қызметтерге қосарланған ақы төлеу деректері анықталды. Негізінде қолданыстағы ережелер бойынша медициналық мекемелер ТМККК және МӘМС желісі бойынша қаржыландырылатын медициналық көмек түрлері үшін ақы алмауға міндеттеме алады. Стационарлық көмек бойынша кем дегенде 1,7 млрд теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңгеге қосарланған төлем деректері анықталды. Қор тарапынан бұл бағытта мониторинг жүргізілмейді», — деп жазылған мәліметте.
Стоматологиялық клиникалардың қызметтеріне ӘМСҚ-дан қосарланған төлем жасалуы жеке заңбұзушылық ретінде тіркелген. Медициналық сақтандыру тарифіне анестезияның құны енгізіліп қойған, бірақ стоматологиялар ол үшін қордан жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге қосымша ақы алған.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру нәтижесінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға дәрі-дәрмектерді рәсімдеу деректері анықталған.
Отырыс барысында Әлихан Смайылов ӘМСҚ бюджеті мақсатқа сай пайдаланылуын сапалы түрде бақылау қажет екенін айтты.
«Мұны қолмен емес, автоматтандырылған түрде жасау керек. Қордың тәуекелдерді басқарудың өзіндік жүйесі болуға тиіс, оның негізінде көрсетілетін қызметтердің сапасына, өндірістік базаның, жабдықтардың, тиісті медициналық лицензиялар мен рұқсаттардың болуына мониторинг жүргізу қажет», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Мемлекеттік аудит барысында сонымен қатар биыл наурыз айындағы жағдай бойынша Қазақстандағы 109 медициналық ұйымның 19 млрд теңгеге мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар екенін анықтады. Алайда ӘМСҚ қаражатының көлемін бөлу кезінде өнім берушілердің қаржылық жағдайы ескерілмейді, бұл халыққа медициналық қызмет көрсетуге теріс әсер етуі мүмкін.
«Жалпы аудит қорытындысы бойынша 32 млрд теңгеден аса рәсімдік заңбұзушылықтар; 31,1 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды. Қаржылық шығындар мен жіберіп алған пайда сомасы 11,8 млн теңге болды. Сондай-ақ, 65 рәсімдік заңбұзушылық, 154 өзге де заңбұзушылық және жүйелік кемшілік анықталды. Медициналық қызметтер мен тіркеулерге қосарланған ақы төлеу фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына беріледі», — деп жазылған хабарламада.