Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде 10 маусым күні жаңбыр мен найзағай күтіледі. Астанада бұршақ жаууы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Елордада күн бұлтты болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Ауа температурасы түнде +13…+15 градус, күндіз +26…+28 градус шамасында болады.
Алматыда жауын-шашын күтілмейді. Күндіз ауа температурасы +32…+34 градусқа дейін көтеріледі. Шымкентте де күн ашық болып, +34 градусқа дейін ыстық болады.
Қонаевта аптап күшейеді. Мұнда күндіз +34…+36 градус ыстық болжанып отыр. Семейде де ауа температурасы +36 градусқа дейін жетеді.
Солтүстік өңірлерде ауа райы құбылмалы болады. Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Петропавлда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Петропавлда желдің екпіні кей уақытта секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін.
Батыс Қазақстанда Орал мен Атырауда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ақтөбеде жауын-шашынсыз, күндіз +22…+24 градус болады.
Орталық өңірлерде де тұрақсыз ауа райы сақталады. Жезқазғанда жаңбыр мен найзағай болжанған. Қарағандыда жауын-шашын болмайды, бірақ желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Қызылорда, Түркістан және Талдықорғанда күн ашық болады. Оңтүстікте ауа температурасы +31…+35 градус аралығында сақталады.
Таразда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз ауа температурасы +30…+32 градусқа дейін көтеріледі.
Өскеменде жауын-шашынсыз күн болжанған. Ауа температурасы күндіз +32…+34 градус болады.
Синоптиктер найзағай, бұршақ және қатты жел күтілетін өңір тұрғындарына сақ болуға кеңес береді. Әсіресе Астана, Петропавл, Көкшетау және Павлодар бағытында жолға шығатындар ауа райын алдын ала ескергені жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







