Қазақстанда алғаш рет шетелдік донорлардан қаражат алған ұйымдар мен жеке тұлғалардың егжей-тегжейлі тізімі жарияланды. Мемлекеттік кірістер комитеті ел тарихында тұңғыш рет шетелден түскен қаржының көлемін ғана емес, ақшаның кімнің қолына тигенін де ашық көрсетті деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдың екінші жартысында сырттан келген ақшаның жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асқан. Шешім Салық кодексі мен «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның талаптарына сәйкес қабылданып отыр. Мұндағы мақсат қаржы көздерінің ашықтығын қамтамасыз ету және шетелден түскен ақшаның мақсатты жұмсалуын бақылау.
Шетелдік қаржының негізгі алушыларының арасында құқық қорғаушылар, медиаұйымдар, зерттеу орталықтары мен қоғамдық қорлар бар. Қаржы негізінен халықаралық қорлар, шетелдік үкіметтік ұйымдар мен елшіліктер тарапынан бөлінген.
Ең ірі сома құқық қорғау бағытындағы «Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросына» тиесілі. Евгений Жовтис, Инга Иманбай секілді белсенділер жұмыс істейтін ұйымға алты айда 350 млн теңгеден астам қаражат берілген.
Ақша Джордж Соростың «Ашық қоғам институтынан», SIGRID RAUSING TRUST және National Endowment for Democracy ұйымдарынан түскен.
Журналистік қауымдастықтан MediaNet ұйымы да айтарлықтай қаржы алған (жарты жылда 300 млн теңгеге жуық). Ұйымның донорлары арасында Сорос қорының құрылымы, European Endowment for Democracy, Жапонияның THE NIPPON FOUNDATION қоры және Шығыс Еуропа журналистикасын қолдайтын n-ost ұйымы бар.
Құқықтық орталықтар да құр қалмапты
Одан кейінгі орында құқықтық саясатты зерттеу орталығы тұр. Думан Нұрымов басқаратын орталық 284 млн теңге көлемінде қаржы алған. Мұның ішінде Еуропалық комиссия, АҚШ Мемдепартаменті және заманауи журналистиканы дамыту орталығы демеушілік еткен.
2023 жылы қайта құрылып, Сорос-Қазақстан қорының негізінде пайда болған CAPS Unlock қоғамдық қоры (басшысы А.Айдарқұлова) 175 млн теңге алған. Донорлар арасында Джордж Соростың Ашық қоғам қорлары бар.
PaperLab зерттеу орталығы (С.Бейсембаев, А.Решетняк және басқалары) 99 млн теңге алып, ірі донорлар қатарында National Endowment for Democracy және «Ашық қоғам институты» аталған.
Белгілі құқық қорғау ұйымы «Әділ сөз» (Қ.Джаманқұлова, Д.Уткин, Т.Калеева) 97 млн теңге алған. Оларды қаржыландырған Ұлыбритания мен Нидерланды елшіліктері болып шықты. Ал «Крылья свободы» қоры (Р.Реймер, Е.Швецова) 61 млн теңге алса, бұл қаржының артында Сорос құрылымына қоса, Нидерланды елшілігі мен АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институты тұр.
Төреғожинаның табысы…
Белгілі белсенді Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін «Ар Рух Хак» ұйымына Foreign, Commonwealth & Development Office (Ұлыбритания) мен National Endowment for Democracy ұйымынан 44 млн теңге түскен.
Гендерлік мәселелерді көтеретін FemAgora қоры (Лейла Зулейха Махмудова, Ксения Удод және Дария Касмамытова) шетелден 15 млн теңге көлемінде қаржы алған.
Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің жариялаған тізімінде нақты жобалар мен шетелден түскен қаражаттың түпкі мақсаттары, соңғы бенефициарлары туралы ақпарат жоқ. Сарапшылар мен қоғам белсенділері енді осы деректердің де ашық жариялануын талап етіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







